Қазақстан мен Сингапур қандай салаларда жобалар жүзеге асырмақшы?
Мәскеуге кетпес бұрын Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада Сингапур президенті Халима Якобты қабылдаған еді. Диалог кезінде президент ханым Тоқаевтың дипломатиялық жолын Сингапурдан бастағанына ерекше тоқталып, бірнеше тіл білетінін «дарын» деп бағалады.
Сингапурда жұмыс істегенін Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр «Аманаттың», ол кезде әлі «Нұр Отанның» кезектен тыс съезінде еске алған еді.
Сингапур дегенде көптің ойына жемқорлықты жеңіп, қысқа ғана мерзімде кедей елден экономикасы қарыштап дами бастаған мемлекет келеді. «Сингапур кереметін» көпшілік алғашқы премьер-министр Ли Куан Юмен байланыстырады. Ал сол съезде Қасым-Жомарт Тоқаев Ли Куан Юдің «Жемқорлықты жою үшін 2-3 жақын досты түрмеге отырғызу керек» деп айтқаны аңыз деп мәлімдеген еді. Тіпті, билік басында 50 жыл болғанын айтып, үлгі аларлық тұлға емес екенін меңзеді.
Дегенмен, Сингапур кереметін жоққа шығара алмаймыз. Экономикалық серпілісінен бөлек, қала келбеті, ауыз судың бірде-бір табиғи көзі болмаса да, бұл мәселені шеше алуы назар аударуға тұрарлық тәжірибе. Қазақстан мен Сингапур байланысын талдайық. Екі ел қандай салаларда жобалар жүзеге асырмақшы?
Сингапурлықтар жүзеге асыратын жаңа жобалардың бірі: Алматы мен Қонаев арасында салынатын шаһар эскизі. Алматыда ай сайын тұрғындар 3 мыңға көбейіп, халық саны 2 миллиондық межеден асты. Сондықтан облыс аумағынан 4 спутник қала салынуы тиіс. Ал сингупарлық компанияның құрылыста тәжірибесі мол.
Рустам Исатаев, Алматы облысы әкімінің орынбасары:
Әлемдегі дизайнер компаниялардың арасында былтыр 13-орын алды. Ол әлемге өте белгілі және 40 мемлекетте жұмыс істейді. Өте үлкен жұмыс алда. Барлық инфраструктура болуы үшін, дизайн жасау үшін Сурбанжрубпен осы жұмысты жалғастырамыз.
Екі ел білім, ғылым саласында да байланысты арттыруға бейіл. Сингапурдың тағы бір компаниясы Елордада оқу ордасын салуға ниет білдірді.
Марат Есенов, «Kazakh Invest» Ұлттық компаниясының аймақтық блок басшысы:
Сингапур компаниясы Астана қаласында халықаралық үлкен мектеп салмақшы. Жалпы менің ойымша, үлкен бір мектеп саласына, жастарды оқыту бағытында үлкен үлес қосады деп ойлаймын.
Сингапур инвесторлары тау-кен өнеркәсібі, құрылыс, көлік-логистика салаларына да қызығушылық танытып отыр. 200-ден астам кәсіпкер Қазақстанға ақша құйып, жұмыс істеуге дайын екенін айтты. Бұл келісімдердің барлығы Сингапур Президентінің сапары аясында жасалды. Халима Якоб Қазақстанға, жалпы Орталық Азияға алғаш рет келіп отыр.
Екі ел басшысы бірқатар сала бойынша байланысты талқылады.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Сіздің Қазақстанға сапарыңыз – тарихи оқиға. Бұл сапар біздің өзара тиімді ынтымақтастығымыздың жаңа кезеңіне жол ашатынына сенімдімін. Қазақстан Сингапурмен арадағы қарым-қатынасты одан әрі нығайта түсуге ниетті. Сингапурдың Қазақстан экономикасына құйған инвестициясының жалпы көлемі 1,4 миллиард доллардан асты. Экономикалық қиындықтар мен пандемияға қарамастан, былтыр өзара сауда-саттық көлемі 2 миллиард долларға жуықтады. Бұл өте жақсы нәтиже деп санаймын.
Қазақстан аумағында сингапурлық компаниялар мен бірлескен кәсіпорындар саны 140-тан асады. Жақында Қазақстан-Сингапур іскерлік кеңес құрылды. Бұл диалог дами түседі деген сөз.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Сингапурға турист ретінде баратын азаматтарымызға қолдау көрсетеміз. Әрине, Сіздің елден келетін туристер мен бизнесмендерге біздің есігіміз әрдайым ашық. Сондықтан Қазақстан Сіздің елмен тығыз қарым-қатынас жасауға дайын екенін тағы да айтқым келеді.
Сингапур – Азияда ғана емес, әлемдегі аса ірі қаржылық хаб. Экономикасы жылдам өсіп келеді. Екі ел басшысы экспорт мүмкіндіктерін кеңейту жолдарын қарады. Тікелей әуе қатынасын ашу жайы да сөз болды. Әрі президенттер Транскаспий халықаралық көлік дәлізі мен «Бір жол – бір белдеу» бастамасын бір-бірімен сабақтастыру мәселесіне тоқталды.
Халима Якоб, Сингапур Президенті:
Қазақстан – біз үшін Орталық Азия аймағындағы аса маңызды серіктес. Өйткені еліңізді, шын мәнінде, аймақтағы көшбасшы ретінде танимыз. Бұл біз үшін өте маңызды әрі көп жылдан бері жақсы қарым-қатынас жасап келеміз. Бізді тығыз қарым-қатынасымыз ғана емес, ашықтық және тәртіп секілді қағидаттарға беріктігіміз де байланыстырады. Бұл – Қазақстан үшін де, біз үшін де маңызды.
Мемлекеттер басшыларының қатысуымен екі елдің ресми делегация мүшелері бірқатар маңызды құжатқа қол қойды.
Жандос Темірғали, «Kazakh Invest» Ұлттық компаниясы басқарма төрағасының орынбасары:
Сингапур – оңтүстік шығыс Азия аумағындағы ең белсенді инвесторлардың бірі. Соңғы 10 жыл ішінде 1,3 млрд доллар тікелей қаржы құйды. Бұл жолғы келісімдер нәтижесінде бұл сан еселеп ұлғаятынына сенімдіміз.
Сонымен, қызметтер саудасы және инвестициялар туралы келісім бекіді. Екі ел Үкіметтері арасында Орталық Азия елдері мемлекеттік қызметшілері үшін әлеуетті арттыру бағдарламасы туралы меморандум жасалды. «Астана» халықаралық қаржы орталығы, «QazTrade» сауда саясатын дамыту орталығы да сингапурлық әріптестерімен өзара келісімге елді.
Мақсат Халық, экономист:
Сингапурдың инновациялық дамудағы рөлін, тәжірибесін пайдалануға толық мүмкіндігіміз бар. Сол бағытты таңдасақ болады. Және бір артықшылығы осы Қытаймен Еуропаны байланыстыруда негізгі байланыстырушы субъект рөлін атқарды. Жәй ғана логистиканың өзімен сол мемлекеттердің дамуында өзінің бірегей болын қалыптастырған болатын. Міне осы тәжірибені алсақ болады.
Мемлекет басшысы екі ел арасындағы қарым-қатынастарды нығайтуда елеулі үлес қосқаны үшін Сингапур президентін І дәрежелі «Достық» орденімен марапаттады.
Асима Нұрбайқызы
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
