Павлодар облысында киіктер жайылымды отап кеткен - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Павлодар облысында киіктер жайылымды отап кеткен

26.05.2023

Павлодар облысында киіктің көбейгені сонша жайылым жерлерді тып-типыл еткен. Май ауданында осыдан 10 жыл бұрын киік саны 400 дей ғана болса, қазір 25 мың. Осынша түз жануарынан кейін қылтанақ шөп қалмайды деген шаруалар қысқа түспей ақ малды қырып аламыз деп алаңдаулы. Қазір киіктің төлі аяқтанған кез. Жүрген жерін жайпап өтеді. Егін салып, мал өсріп отырған шаруа Қайрат Қазелов ақбөкендер егісті де, жайылымды да «иемденіп» алды дейді.

Қайрат Қазелов, шаруа:

Күніне 3-4 рет толтыратынбыз. Науаның өзі қазір 7-8 рет толтырамыз. Киіктерді күнде аңдып отырмаймыз ғой.Су түгіл, егінге маза бермейді. Әсіресе егінге. Былтырда қаншамасын басып тастады. Биылда енді көктеп өтер, оған кіріп отыр.

Кейбір шаруалар егісті айналдыра жеңіл тоқ жүргізген. Иен даланы еркін жайлаған жануарлар оны да елең қылмайды.

Еркебұлан Жасталапов, жылқышы:

Жылқы тұрмайды, жайылым болмағандықтан тұрмай жатыр.Осыдан 2-3 жыл бұрын жылқылар бір жерде тұратын. Жайылымы болатын.

Жайылымы тарылған шаруалар не істерлерін білмей дал. Төлдегелі жүрген киікті қууға болмайды, қорықшылар көрсе айыппұл салады.

Болат Аманбаев, тілші:

Бұрын бұл жерде маусым айының өзінде белуардан болмағанымен, тізеден төмен шөбі болатын. 2-3 күн бұрын киіктер жайлапты. Қазір міне көріп отырсыздар, қазотындай ғана қылтанақ қалған.

Бұлай кете берсе, мал басын азайтудан басқа амал жоқ дейді шаруалар.

Гүлзира Қазылова, шаруа:

Жуырда 600 бастай ешкі төлін саттық. Айтуға ұят. Сондай бір арзан бағаға сатып жібердік. Өйткені шөп жоқ болғандықтан биыл малды қысқа кіргізе алмаймыз.

Қазір май ауданында 25 мыңға жуық киік бар. Биылғы төлімен қоса есептегенде 30 пайызға көбейген.

Ағыбай Әмірин, Май ауданының әкімі:

Ертіс жағасындағы 20 ауылдың 15-де болдым. Бәрі көтеріп отыр осы мәселені. Өйткені, биыл су жоқ. Ертіс жайылмады. Шабындық мәселесі өте күрделі болады. Енді қырдан шабамыз десе осы ақбөкендер басып, олар жай жүрмейді, бір жүргенде 500 ден кем бас болмайды. Және олар қой жайылған, қара мал жайылған сияқты емес, сағатына 30-40 шақырым жүреді. Яғни оның тұяғынан не қалып отыр?

Сондықтан бұл мәселе жақын арада облыс деңгейінде қаралады. Жиында шаруаларға малдың шөбін дайындауға жеңілдік жасау мәселесі де көтерілмек.

Болат Аманбаев


Хабарламаларға жазылу