Маңғыстаудағы Сайөтес ауылында 130 ға жуық отбасы апатты жағдайдағы баспаналарда тұруға мәжбүр. Өйткені, қарапайым тұрғындардың жөндеу жұмыстарын жүргізуге күші жетпейді. Ал жергілікті әкімдік үйлердің құжаты жоқтығын алға тартып, мәселені кейінге шегеріп келген. Аягөз Оралбайқызы тарқатып айтады.
Аягөз Оралбайқызы, тілші:
Бұл үйдің қолданысқа берілгеніне жарты ғасырдан астам уақыт болған. Содан бері бірде бір күрделі жөндеу көрмегені көрініп тұр. Себебі қабырғалары қақырап, төбелері опырылып жатыр. Күні кеше төбеден бетон құлап, осы жерде ойнап отырған балалардың қасына түскен. Абырой болғанда, бүлдіршіндер аман қалды. Шынар Базарбаеваның үрейі әлі басылмаған. Сол оқиғадан кейін ол қыздарын жанынан бір елі тастамайды. Бірақ, ескі-құсқы баспанадан көшіп те кете алмайды. Себебі, жас отбасының жаңа пәтер алуға шамасы жетпейді.
Шынар Базарбаева, Сайөтес ауылының тұрғыны:
Мына балдарым екі кештің арасында ойнап сол жерде жүрген кезде, мына бетон құлады мына үстімізден. Мен шықсам уже екі қызым үйге жүгіріп келе жатыр екен. Балдарымның ертеңгі күні үстімізге құлайтын болса кім кепіл береді?
Ауылда осындай күйде тұрған қос қабатты 18 үй бар. Онда 500 дей адам жанын шүберекке түйіп тұрып жатыр. Ескірген тұрғын үйлердің бірде төбесі, енді бірде жертөлесі құлайды. Жаңбыр жауса, шұрық тесік шатырдан су ағады. Кәріз жүйесінің де әбден тозығы жеткен. Құбырлар бітеліп, лас су көшеге жайылып жатыр.
Берік Айтекенов, Сайөтес ауылының тұрғыны:
Балалар түгел өзіміз үйге жатуға қорқамыз. Түнде мен далаға жатып шықтым ал сөздің шындығында. Каждый стойкілерде жарық бар. Кезінде деген осыны үкімет астына бәріне өздерің жауап бересіңдер, сыртқа біз жауап береміз деді. Ал сыртына неге жауап бермейді үкімет.
Баспаналар 60-шы жылдары теміржолшыларға арналып салынған. Кейін пәтерлер жекешелендіріліп, үйлер қараусыз қалған. Бүгінде бірде-бір құжаты жоқ. Сондықтан бюджеттен қаржы бөлу мүмкін болмаған. Енді, үйлерді апатты деп тану арқылы ғана мәселе шешілмек.
Әбдиев Сабыржан, Сайөтес ауылының әкімі:
Барлығы дерлік қауіпті дегенмен, солардың ішінен үш тұрғын үйді алып, демеушілікпен 3 үйге апатты деп тану сараптамасын қағазын шығарып беретін мекемеге қаржы бөлуін өтініп, келісім шарт жүргізіліп жатыр. Егер сол үш үйдің мәселесін апатты деп танысақ, аталған үш үйдегі тұрғындарды көшіру я болмаса үй алып беру болмаса басқа жағдайлармен жұмыстанамыз.
Әкімдік осылайша тұрғындарды кезең-кезеңмен көшіруді жоспарлап отыр. Бірақ мәселе нақты қашан шешілетіні белгісіз. Айта кететін жәйт, осы үйлерге келесі қыста жылу берілмейді. Себебі, тұрғындардың 4 млн теңге қарызы бар деп коммуналдық мекеме қызмет көрсетуден бас тартқан.
Аягөз Оралбайқызы