Қытай ЖІӨ өсімі 5 пайыздан асады - халықаралық сарапшылар - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қытай ЖІӨ өсімі 5 пайыздан асады - халықаралық сарапшылар

21.05.2023

Пандемия кезінде сәл әлсіреп қалған Қытай экономикасы әлдене бастады. Халықаралық сарапшылар биыл Қытай ЖІӨ-нің өсімі 5 пайыздан асады деген болжам жасаған еді. Бұған Украина мен Ресей арасындағы соғыс та ықпал етті. Мао Цзэдун мысал еткен «дана маймыл» пәлсапасы ғой. Өзгелер алысып жатқанда Қытай сәтті тиімді пайдаланып отыр. Осы аптада Қытай автомобиль экспорты бойынша әлемдегі ең ірі ел болғаны туралы жаңалық жарияланды. Жапонияны артта қалдырып. Санкциялар салынған Ресейге электромобильдерді көптеп жіберіп, нарығын жаулап алды. Биылдың 3 айында Қытай Ресейге 1 млн-нан астам көлік жөнелткен екен. Олардың автомобильдері Қазақстанда да көбейе бастағаны байқалады. Әзірге сатылған көліктердің 10 пайызы ғана қытайлық: 11657 дана. Бұл – былтырғы көрсеткіш. Бірақ экономикалық ахуал осылай жалғаса берсе, қымбат көлік сатып ала алмай, арзан балама іздеп жүрген қазақтар да біртіндеп «қытайлық» деген қорқыныштан алшақтай түсетін сияқты. Дегенмен Қытай үшін Қазақстан экономикалық тұрғыдан сондай бір қатты қызығатын нарық емес. Қытайдың сыртқы саудадағы Қазақстанның рөлі осы: 37-ші орында. Ал Қазақстанның сыртқы саудасындағы Қытай рөлі артып барады. Ол Ресейден озып, бірінші болды. Қазақстан Қытайдың ғылымы мен технологиясына қызығады. Әлі де шикізат елдің үйренері көп. Ал Қытай үшін Қазақстанның транзиттік рөлі маңыздырақ. Басты мұраты – Еуропаға жол. Құрлық арқылы. Өйткені теңіз жолы ақша жағынан тиімсіздеу. Қазақстан да бұдан ұтып тұр. Былтыр екі ел теміржол арқылы 23 млн тонна жүк тасымалдаған екен. Ал биылдың алғашқы тоқсанында 7 млн тоннадан астам жүк жөнелтілген. Қазақстанның «Қорғас»-та құрғақ порты, Ляньюньган портында терминалы бар. Енді Сианьда да салынады. Бұл хаб Қазақстанның Шэнси аймағымен, Орталық Азия және одан ары қарай Еуропамен, Түркия және Иранмен де байланысын кеңейтеді. Қытай Орталық Азия елдеріне қаржылай қолдау ретінде 4 млрд доллар бөлмек. Осындай қайтарымсыз көмек көрсетілетінін Қытай төрағасы Си Цзиньпин «Орталық Азия-Қытай» саммитінде айтты. Оған қоса, «Қытай аймақтағы елдердің қорғаныс қабілетін күшейтуге қолғабыс етуге дайын» екенін мәлімдеді. Алты мемлекет бірлесе отырып, «аймақтағы елдердің ішкі мәселесіне сыртқы күштердің араласуына және түрлі-түсті революция жасау талпыныстарына қарсы шығуы тиіс» деді. Әлем тұрақсыз болып тұрғанда мұндай риториканың айтылуы заңды. «Тәуелсіздігіміз, егемендігіміз бен аумақтық тұтастығымызды қорғауға» қолдау алу үшін кепілдік артық етпейді. Бірақ Орталық Азия елдерінің билігі сыртқы саясатта бір ойыншыға ғана сенім артып қалу қауіпті екенін түсінеді. Сондықтан аймақтағы бес мемлекеттің де дипломатиясы көп векторлы саясатқа негізделген. Солай болып қала беретін де түрі бар. «С5+» форматындағы саммиттің маңызын Данияр Қайыртай талдайды.

Данияр Қайыртай, тілші:

Қытай төрағасы Орталық Азия елдерінің басшыларымен «С5+» форматында кездесетінін наурыздағы Мәскеуге жасаған сапарынан кейін жариялаған. Тіпті, Си мен Путиннің сол кездегі бірлескен мәлімдемесінде «тараптар Орталық Азия елдерінің егемендігі мен ұлттық дамуын қамтамасыз етуді бірлесіп үйлестіруге дайын» деген сөйлем болды. Онда да «түрлі-түсті революциялар» импорты мен өңірге сыртқы күштердің араласуына жол бермеу мәселесі жазылған. Демек бұған дейін дәстүрлі түрде Ресейдің ықпалындағы стратегиялық аймақ саналып келген Орталық Азияда Қытайдың да рөлі күшейе түскен тәрізді.

Ерсұлтан Жансейітов, әлемдік экономика және саясат институтының сарапшысы:

Пекиннің Орталық Азияда күші көбейгені объективті процесс. Ол тек қана Ресейге байланысты емес. Қазір Қытайдың экономикасы дүниежүзінде 2-орын алып тұр. Көлемі 19 пайызға жақындап тұр. Біз Қытайға жақын болған соң қалай болса да бізге әсерін тигізеді. Ресей негізі қазір геосаяси жағынан фактілерді мойындау позициясына келіп қалды. Орталық Азияға көп инвестиция жіберетін жағдайлары жоқ. Қаржы жоқ. Бәрі Украинадағы соғысқа кетіп жатыр. Ресейдің ішіндегі тұрақтылықты көтеру керек.

Орталық Азия елдерінің басшылары мен Қытай төрағасының бір алаңда бас қосуы алғаш рет. Бірақ бұл жаңа формат емес. Былтыр қаңтарда «С5+» форматында онлайн кездесу өткен. Жалпы әлемдік саясаттағы үлкен ойыншылардың көбі аймақ елдерімен осылайша диалог орнатуды дәстүрге айналдырған.

Эмомали Рахмон, Тәжікстан Республикасының Президенті:

Америка плюс ЦА, Южная Корея плюс ЦА, Япония плюс ЦА, скоро наверное уже Пакистан плюс ЦА, Индия плюс ЦА, кто остался еще?

Бұл Тәжікстан президентінің былтырғы қазан айында Астанада алғаш рет өткен «Орталық Азия-Ресей» саммитінде айтқаны. Расында, «5+1» форматы қазір үйреншікті платформа болып кеткен.

Айболат Далелхан, қытайтанушы, PhD:

Бұдан қарап, жаһандық және аймақтық державалардың Орталық Азияны біртұтас бір геосаяси маңызды аймақ ретінде түсіне бастауы. Сондықтан жалпы Орталық Азиядағы қауіпсіздікке бұл мемлекеттердің барлығы мүдделі болады. Өйткені іргесінде қандай да бір саяси тұрақсыздықтың пайда болуы ешқандай мемлекетке тиімді емес.

Қазақстан президенті Қытамен ынтымақтастықтың бірнеше бағытын атады. Әуелі тауар айналымының көлемін арттыру керек деді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Аймақтың Қытаймен сауда-саттығы қарқынды дамып келеді. Былтыр бұл көрсеткіш 70 миллиард долларға жетті. Оның 45 пайызы, яғни 31 млрд доллары Қазақстанға тиесілі. Қытай мен Орталық Азия арасындағы тауар айналымын 2030 жылға қарай 100 миллиард долларға жеткізуге барлық мүмкіндік бар.

Қытайтанушы Айболат Дәлелхан бұл межеге белгіленген уақыттан ертерек жетуге болатынын айтты. Оған ушыққан геосаяси жағдайдың өзі мүмкіндік беріп тұр дейді.

Айболат Далелхан, қытайтанушы, PhD:

Орталық Азия мемлекеттерінің транзиттік тұрғыда геосаяси орналасуы, транзиттік әлеуеті Қытайдың сыртқы экономикалық саясатымен ерекше үйлесе кетіп отыр. Енді ОА мен Қытайдың сауда-экономикалық қарым-қатынасын алдағы 6-7 жылда 100 млрд долларға дейін жеткізу көзделіп отыр ғой. Менің ойымша, 6-7 жыл емес, алдағы 2-3 жылда да жетіп қалуы мүмкін.

Мемлекет басшысы географиялық жағдайымызды ескеріп, «Қазақстан аймақтың және тұтас құрлықтың маңызды көлік-логистика дәлізі бола алатынын» айтты. Әрі осыдан он жыл бұрын Астанада тұжырымдасы жарияланған «Бір белдеу – бір жол» мегажобасына Қазақстан атсалыса береді деді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Осы орайда Қазақ-қытай шекарасында үшінші темір жол өткелін ашу маңызды қадам болмақ. Транскаспий халықаралық көлік дәлізі «Қытай – Орталық Азия-Еуропа» бағдарының негізгі бөлігі саналады. Бүгінде осы бағыттың стратегиялық маңызы арта түсті. Біз оның көлік өткізу мүмкіндігін кеңейте береміз. Сондай-ақ «Қазақстан – Түрікменстан – Иран» темір жолы біздің елдерімізге зор мүмкіндік береді.

Президент кейінгі бір жарым жылда әртүрлі мінберден осы екі бағдарды дамыту жөнінде жиі айтып жүр. Себебі елдің транзиттік әлеуетін дамытудың ұрымтал шағын пайдаланып қалғымыз келеді. Оған Еуропа да мүдделі. Оны былтыр күзде Астанаға сапарлап келген Еурокеңес президенті Шарль Мишельдің сөзінен байқағанбыз. Еуропаны Қытаймен байланыстыратын Транскаспий дәлізін меңзеп, «Қазақстан Шығыс пен Батыс арасындағы өңірлік көлік торабы саналады» дегені есте. Бұл жолды дамытуға Қытайдың да қызығушылығы бар.

Ерсұлтан Жансейітов, әлемдік экономика және саясат институтының сарапшысы:

Өйткені қазіргі солтүстік маршрут дейміз ғой, ол Еуропаға Ресей мен Беларусьтен өтеді. Ол қазір жұмыс істеп жатыр, бірақ оған ешқандай кепілдік жоқ. Украинадағы соғыс қалай дамитынын біз білмейміз. Мүмкін Еуропа Беларусьқа тағы санкция қосып, шекараның бәрін жауып тастауы мүмкін. Сол кезде Қытайға басқа варианттар керек болады. Соның ең маңыздысы Транскаспий дәлізі болады.

Қасым-Жомарт Тоқаев Орталық Азия мен Қытайдың өнеркәсіп саласындағы ынтымақтастығын дамыту жоспарын әзірлеуді ұсынды. Аймақ елдерінде литий, кобальт, никель сияқты сирек элементтердің мол қорын тиімді пайдалануға болатынын айтты. Мұнай экспортын көбейтуге де мүдделі екенімізді жеткізді. Сол үшін «Қазақстан-Қытай» мұнай құбырының тасымал мүмкіндігі арттырылмақ.

Ерзат Кәрібай, қытайтанушы:

Африка құрлығы Қытайдың руда, темір, алмас, өнеркәсіпке қажетті шикізаттарды алатын негізгі базасы саналған. Судан соғысынан кейін ол әлсіреуге бет алады деп айтуға негіз бар. Сонымен қатар Оңтүстік Қытай теңіз аумағында, Филиппинде Американың әскери базасы салынып жатыр. Соған байланысты енді Оңтүстік Қытай теңіз аумағынан өтетін Қытайдың Орта Шығыс елдерінен алатын мұнай-газының да мөлшері қысқаруы мүмкін. Сол себепті Қытай Орта шығыс елдері мен Африка елдерінен алатын шикізаттың орнына осы Орталық Азия мен Ресей арқылы толтыруды көздеп отырған сияқты.

Қазақстан бидай, ұн, ет, дәнді және майлы дақылдар секілді агроөнеркәсіп өнімдерінің экспортын ұлғайтуға да мүдделі деді Президент. Есесіне, бау-бақша өнімдері мен азық-түлік тауарларын тұрақты сатып алуға біздің қажеттілік барын айтты. Осы ретте «Қорғас» халықаралық сауда орталығында Бірлескен азық-түлік хабын құруды ұсынды. Сосын электронды коммерцияда алыс-берісті арттыру үшін жаңа кеден қоймалары ашылатынын айтты. Оны аймақтағы елдер де тауарын сақтауға пайдалана алады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Бұл логистика тұрғысынан алғанда өте қолайлы. Сонда Орталық Азия мен Қытайдың арасында екі бағытта да тауар тасымалдау мерзімін азайтуға мүмкіндік туады. Бұл жұмысты «С5+Сhina» бірыңғай электронды сауда платформасын енгізу арқылы үйлестіруге болады.

Аймақтағы бес ел басшыларының сөйлеген сөзіне зер салсақ, Қытайдың экономикалық мүмкіндіктері мен технологиялық тәжірибесін ғана пайдалануға ден қоятыны аңғарылады. Одан ары жақындасқысы жоқ. Сарапшылардың сөзінше, контрбаланс үшін де Қытаймен қарым-қатынас маңызды.

Ерсұлтан Жансейітов, әлемдік экономика және саясат институтының сарапшысы:

Орталық Азия елдерінің басшылары да түсінеді ғой, біз бір серіктеске қатты тәуелді болуымызға болмайды. Біз батысқа қарсы ешқандай блоктарға кірмейміз. Батыс елдері де бізге тура сондай стратегиялық серіктестер. Сөйтіп біз өзіміздің көп векторлы саясатымызды ары қарай жүргіземіз.

Орталық Азия мемлекеттерінің президенттері Сиань қаласында Қытай басшысымен кездесіп жатқанда, Алматыда үкіметтер басшыларының қатысуымен «Еуропалық Одақ-Орталық Азия» экономикалық форумы өтіп жатты. Мұны да сыртқы саясатта теңгерім сақтауға тырысудың бір көрінісі деп бағалауға болатын шығар.

Данияр Қайыртай


Хабарламаларға жазылу