Павлодар облысы, Ақсу қаласына қарасты Үштерек ауылының тұрғындары іргедегі кен орнын жабуды сұрайды. Құм тиеген ауыр жүк көліктерінен кейін ауыл жолы жүруге жарамсыз болып қалған. Оның үстіне шөліркеген төрт түлік шұңқырға жиналған суға талай рет батып өлген. Тұрғындар енді балалары үшін алаңдаулы.
Бұл табиғи көл емес. Құм шығарғаннан пайда болған шұңқыр. Ыстықта шөліркеп келген малдың жауы. Тік жардан қайтып шыға алмай тұншығып өледі. Ал, былтырдан бері бұнда ауыл балалары шомыла бастаған.
Мырзабек Сейіт, Үштерек ауылының тұрғыны:
Бұл жерде жаз бойы жас балалар шомылады. Жас балалардың артынан ата-аналар уайымдап жүреді. Және де бұл ауылға өте жақын орналасқан. Қаншама жайылымдық жерді алып жатыр. Мұның жабылуын талап етеміз, бүкіл ауыл болып.
Кен орнының аумағы жалға берілгелі бірнеше жыл болыпты. Бастапқыда қазылған шұңырда су болмаған. Кейін жиналған. Оның үстіне ауыл мен құм шығаратын өндіріс арасы 1 шақырым 200 метр. Талапқа сай болғанымен, ауыл тұрғындарының өз есебі бар.
План Қажыбайұлы, Үштерек ауылының тұрғыны:
Мына жерде карьер бар құм қазып жатқан. Міне ауылдың шетіне кіріп келді. 500 метр ғана жер. Жолды сол карьерларға келген камаздар құрытып жатыр.
Кен орнының иесі облыстық мәслихат депутаты. Ауыл бағытына қарай жер қазылмайды. Яғни, тұрғындардың жеріміз тарылып барады дегені бекер дейді. Ал, жол сапасы бойынша мәселенің бар екендігін мойындады.
Александр Толмачев, кен орнының директоры:
Менде төрт КАМАЗ жұмыс істеп жүр. Бұған дейін ірі габаритті Қытай автокөліктері болғаны рас. Қазір біздің көліктерімізге 10 тоннадан артық жүк артуға болмайды. Ал, құм сатып алатын кәсіпкерлерге жазықтағы тақырмен жүріңдер деп кеңес береміз. Бірақ асфальтқа шығып кететіндері бар.
Тұрғындар әкімшілікке хат жолдады. Нәтиже болмаса қорғаушы жалдап, депутатпен соттаспақ.
Болат Аманбаев