Елімізде әрбір үшінші отбасы ажырасады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елімізде әрбір үшінші отбасы ажырасады

15.05.2023

Бүгін халықаралық Отбасы күні. Бір жанұя бұл мерекені төрт көзі түгел мәз-мейрам болып қарсы алса, кейбірі туған әкелерінен безіп орталықтарды паналап жүр. Өкінішке қарай, жыл сайын елімізде әрбір үшінші отбасы ажырасады. Әлеуметтанушылар бұл дабыл қағатын жағдай деп отыр.

15 жылдан бері күйеудің таяғына, ененің қатыгездігіне шыдап келдім деген Айдананың 4 баласын жетектеп дағдарыс үйіне қашып келгеніне бір аптаға жуық уақыт өтті. Қит етсе жұдырығын ала жүгіретін жолдасының мінезінен жүрегі әбден шайлығып, балалары аурушаң болған.

Айдана:

2011-де ұлымды босанғаннан кейін артынша қызыма аяғым ауыр болды. Сол кезде де сондай ұрыстар болды. Мені жерге лақтырып жіберіп, қызымның үстінен қан келіп, гемотома болып жүрді. Соның арқасында қызым 2 күн есінен танып қалып бастан ауырған. 7 жастағы ұлымның өзі телефонға біреу қоңырау шалса, мама папам емес пе, қайтпайықшы үйге деп шырылдайды. Қайтадан сізді ұрады ғой дейді.

Алматыдағы бір ғана дағдарыс орталығын жылына кем дегенде 500-ге жуық ана мен бала паналайды. Олардың басым бөлігі отбасына оралмайды. Ал еліміз бойынша небәрі 5 айдың ішінде 35 мың тұрмыстық зорлық-зомбылық оқиғасы тіркелген. Әлеуметтанушылар жастардың ажыраспауына тек екі жақтың әулеті емес, мемлекет те күш салуы керек дейді.

Құралай Әділжанқызы , әлеуметтанушы:

Біздің Қазақстан Дүниежүзі денсаулық сақтау ұйымының зерттеуі бойынша суицид бойынша 7 орында екенбіз, ал ажырасудан 2-ші орында. Өте қорқынышты статистика. Яғни, әрбір үйленген 3-ші отбасы ажырасып жатыр деген сөз. Біздің ойымызша отбасының беріктігін сақтау үшін арнайы курстар мектеп кезінен бастап пәндер енгізілуі керек деп ойлаймыз.

Былтыр ажырасқан 45 мыңнан астам ерлі-зайыптының 75 пайызы қалалықтардың шаңырағы. Алып шаһарда тақия киген ата мен ертегі айтатын әжелердің аз болғаны да отбасы институтына әсер етеді дейді мамандар. Ал Нұрсағатовтар отбасының ұл-қызы қалада жұмыс істесе де әр демалыс сайын ауылға ат басын бұрады. Бұл қара шаңырақтағы әке-шешенің талабы. Өйткені 14 немере мен 3 шөберенің ұлттық салт-дәтүрден алыстап кетпегеніне алаңдайды.

Оразхан Нұрсағатов, зейнеткер:

Бір-бірін сыйлап өту керек мына қамшының сабындай ғана қысқа өмірде. Бәріне сыйласым керек. Бәрі табылады, бәрі орнына келеді. Ол ұрысқанмен түк те шықпайды. Қазір көп әжелер немере баққанды онша ұнатпайды. Оны көріп те жүрміз. Бұрын әке-шешеміз балаларды бір жерге барса ертіп баратын, қазір ол салт қалды.

Әлеуметтанушылар отбасылық өмірдің алғашқы 3 жылындағы барлық қиындыққа төтеп берген жанұялар көп жағдайда дәм-тұзы жарасып кетеді дейді. Өкінішке қарай, некесін бұзғандардың 34 пайызы осы кезеңде екі жаққа кетіп жатады. Айтпақшы, жыл басынан бері қорлық көрдім деп хабарласқан келіншектердің небәрі 17 пайызы арыз жазған. Ал агрессорлардың 12 пайызы бұл әрекетін қайталайды.

Әйгерім Ердәулет


Хабарламаларға жазылу