Елдегі 56 ЖЭС-ке техникалық аудит жүргізілді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елдегі 56 ЖЭС-ке техникалық аудит жүргізілді

15.05.2023

Тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы инфрақұрылымының тозу деңгейін орта есеппен 20%-ға төмендету жоспарланып отыр. Бұл жайында Үкіметте өткен жиында белгілі болды. Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыровтың дерегінше, 145 мың шақырымнан астам инженерлік желі жөндеуді қажет етеді. Биыл 5 мың шақырымын қолға алмақ. Осыған байланысты тарифтерді кезең-кезеңімен өзгерту жоспарланған. Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев болса, республиканың 56 жылу электр станциясына техникалық аудит жүргізілгенін баяндады. Оның қорытындысы осы айдың аяғында белгілі болатынын жеткізді. Өңірлерде жүріп жатқан инфрақұрылымды жөндеу жұмыстары туралы жергілікті әкімдердің де есебі тындалды. Дегенмен Премьер-Министр «коммуналдық қызметтердің сапасына қатысты Президенттің және халықтың тарапынан орынды сын естіп келеміз. Алдымыздағы жылыту маусымында өткен қыста орын алған төтенше жағдайларға жол бермеу керек. Сұраныс қатаң болмақ», — деді.

Дарын Сағитов

Хабарламаларға жазылу