Кім жеңеді? Түркияны ғана емес, тұтас әлемді бұл жексенбі осы сұраққа жауап қызықтырады. Соңғы күндері саяси науқан, тіпті қыза түскен еді. Президенттікке басты үміткерлер: 20 жыл билікте отырған Режеп Тайып Ердоған, 6 партия атынан кандидат болған Кемаль Кылычдароглу және коалиция өкілі Синан Оган. Ал төртінші үміткер Мухаррем Индже сайлауға үш күн қалғанда кандидатурасын алып тастады. Ол финалға жетпей, өзінің жеңілгенін мойындағандай. «Джумхуриет» газеті бұған мынадай карикатура жариялаған. Бюллетеньдегі 3 кандидат алға қарап, ал Индже теріс айналып тұр. Соңғы күндері Инджеге оппозицияның тартыса бастағаны үшін қысым көбейген-тұғын. Негізі, 5 жыл бұрын сайлауға қатысқанда ол 30% дауыс жинаған еді.
Индженің бұл шешіміне Кылычдароглу қатты қуанған көрінеді. Қазір Ердоғанның басты қарсыласы - осы саясаткер. 2003 жылы премьер-министр ретінде билікке келген Ердоған Түркияның парламенттік жүйеден президенттікке көшуіне күш салды. Дегеніне 2010 жылы жетті. Содан бері заң бойынша президентті парламент емес, халық сайлайды. Ал осы мүмкіндікті Ердоғанның өзі 2014 жылғы сайлауда пайдаланып, президент атанды.
Кылычдароглу кім? 74 жастағы саясаткердің репутациясы жақсы. Адал, сабырлы, жемқорлық схемаларын анықтай алатын қабілеті бар бюрократ ретінде танылған. Бірақ бірде бір жеңілмеген Ердоғанға сайлауда қарсы шығып көрмеген. Сондықтан альянстағы әріптестерінің өзі «жеңе ала ма?» деп алаңдап отыр.
Дегенмен, Ердоғанның жеңіліп қалуына екі маңызды себеп бар, - дейді халықаралық сарапшылар. Біріншісі – экономика. Аналитиктер инфляцияның күрт өсуіне Ердоғанды кінәлайды. «Түркия орталық банкінің саясатына араласты» деп. Екіншісі – 6 бірдей партияның бірігіп, Ердоғанға қарсы бір кандидатты ұсынуы. Сондықтан саяси дода қызық әрі тартысты. Әрі көбі сайлаудың екінші кезеңі болатынына сенімді. Соңғы сауалнамаларға сай, дауыс берушілердің 43,7% Ердоғанды қолдаса, Кылычдароглуны 49,3% жақтап отыр. Негізі, бірінші кезеңде жеңіске жету үшін кандидат 50%-дан астам дауыс жинауы тиіс.
Айдос Әшімұлы тілші:
Айдос Әшімұлы тілші:
Түркиядағы Президенттік және Парламенттік сайлау санаулы минуттар бұрын ғана аяқталды. Учаскелер жабылып, дауыстарды санау жұмыстары басталды. Түркияның сайлау заңнамасына сәйкес дауыс беру жергілікті уақытпен таңғы сегізден кешкі беске дейін жалғасады. Бес жылда бір өтетін сайлауда биыл президенттікке үш адам, ал парламентке 24 саяси партия мен 151 өзін-өзі ұсынған кандидат үміткер болды. Жалпы Түркияда халық саяси өте белсенді. Бүгінгі сайлауда барлығы 64 млнға жуық адам дауыс берді. Олардың он пайызы бірінші рет дауыс берген жастар. Жастардың саяси көзқарастары айқын, сайлауға қатысу көрсеткіші жоғары дейді сарапшылар. Қазір Түркияның бұрынғы Мәдениет министрі, саясаткер Намык Кемал Зейбектің осы туралы пікірін тыңдап көрейік.
Намык Кемал Зейбек, Түркияның бұрынғы мәдениет министрі, саясаткер:
Өздерін «Z буыны» деп атайтын тұңғыш дауыс беруші түркиялық жастар туралы – «бұлар саясатқа қызықпайды, оларға мемлекеттік мәселелер, сайлау деген керек жоқ, тек өздерін ғана ойлайды» деген пікір бар. Алайда, керісінше олар саясатқа үлкендерден де көбірек қызығатын болып шықты. Жастардың сайлауға қатысу көрсеткіші соның дәлелі. Қалай болғанда да бұл саяси науқан демократиялық талаптарға сай және түрік халқының болашағы үшін пайдалы болады деп ойлаймын.
Айдос Әшімұлы тілші:
Түркияның сайлау туралы заңнамасында бірқатар қатаң тыйымдар бар. Мәселен сайлау учаскесіне ұялы телефон, фотоаппарат сияқты видео-фото түсіретін құралдар алып кіруге болмайды. Сондай-ақ, сайлау күні барлық ойын-сауық орындары мен спирттік ішімдік сатылатын жерлер жабық тұрады. Кешкі алтыға дейін көпшілік жиналатын үйлену тойы, туған күн сияқты шаралар өткізуге де болмайды. Ал сайлаудың алдын-ала қорытындысын бүгін түнгі сағат он екіде Түркияның Жоғарғы сайлау органы жариялайды. Егер Президенттікке үміткерлердің біреуі 50 пайыз дауыс жинай алмаса, сайлаудың екінші туры 28 мамырда өтеді.
Әлем бұл сайлауды «тарихи » деп бағалап отыр. Өйткені нәтижесі Түркиядағы ғана емес, тұтас аймақтағы жағдайды өзгертуі мүмкін. Ердоған Түркияның аймақтағы беделін күшейтуге барынша талпынып жүр. Ресми Анкара соңғы жылдары Ресей, Иран және Катармен байланысын дамытып, Сирия мен Ливиядағы мүддесін айқындап келеді. Ал Ресей мен Украина арасында соғыс басталғалы Ердоған делдалдық рөлді атқарып, бірнеше рет тараптарды келістіруге талпынды. Осылайша, осы текетіресте екі елдің президентімен тікелей сөйлесіп жүрген бірегей басшы ретінде де көзге түсті. НАТО мүшесі ретінде Финляндия мен Швецияның анльянсқа кіруіне қарсылық танытты. Сонысымен Еуропаға аса жақпай жүр.