Омыртқа патологиясын емдеудің жаңа түрі табылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Омыртқа патологиясын емдеудің жаңа түрі табылды

02.05.2023

Омыртқа патологиясын емдеудің тағы бір түрі табылды. Елордада сколиоздың ауыр түріне операция жасалды. Отандық дәрігерлер ресейлік әріптестерімен жаңа технологияны қолдану арқылы үш жасар баланың дертіне ем тапты. Операция үстелінде жатқан Ерасылдың жасы 3-те. Диагнозы - туа бітті омыртқа потологиясы. Яғни балаға артық омыртқа біткен. Салдарынан сколиоз пайда болып, сүйектері қисая бастаған. Шұғыл ем-дом жасалмаса бала қимылсыз қалуы мүмкін деп отыр мамандар. Мүгедектіктен құтқарудың жалғыз жолы – операция. Бұл сырқаттың сыры отандық дәрігерлерге мәлім. Жиі жасап жүр. Өйткені кесел көп балада кездеседі. Дегенмен Ерасылдың емі бөлек. Ресейлік профессорлар жаңа бекіту металын ойлап тапқан. Оның артықшылығы да аз емес.

Сейдалы Әбдалиев, Н.Ж. Батпенов атындағы ұлттық ғылыми травматология және ортопедия орталығының бөлім меңгерушісі:

100 пайызға дейін омыртқаны түзей аламыз. Артық омыртқаны алып тастаймыз. Ары қарай келешекте балада ешқандай омыртқа жағынан қисықтық немсесе қандай да ауру шықпайды. Салынған пластинка 2-3 жыл тұрады. Біткен соң алып тасталады.

Туа бітті омыртқа потологиясын анықтау оңай емес. Бала кезінде бірден білінбейді. Бастапқыда дамуы, жүруі қалыпты. Тек өскен сайын жағдайы қиындайды. Ерасыл операциядан кейін ғана құлан-таза айықты дейді дәрігерлер. Көп ұзамай қатарластары сынды қалыпты өмірге оралады.

Дамир, Ерасылдың әкесі:

Баланың жағдайы жақсы. Қазір палатаға жатқызды. Операция ерекше операция деп айтты. Сөйлеп, мультфильмдер көріп, ойыншықтарымен ойнап жүр.

Дертті дендетпеу керек. Бұл - денсаулық қағидасы. Омыртқа потологиясы да солай. Алғашқы жылдары емдемесе, операцияның өзі көмектесе алмайды деп отыр дәрігерлер.

Асима Нұрбайқызы

Хабарламаларға жазылу