Басты Жаңалықтар WorldSkills Astana – 2026: Жеңімпаздар республикалық кезеңге жолдама алды

WorldSkills Astana – 2026: Жеңімпаздар республикалық кезеңге жолдама алды

Елордада техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары арасында жыл сайын өтетін WorldSkills чемпионатының биылғы қалалық іріктеу кезеңі мәресіне жетті. Он күн бойы колледж студенттері еңбек нарығында сұранысқа ие 55 мамандық бойынша шеберлігін көрсетті. Үздік деп танылғандар республикалық кезеңге жолдама алды.

Мобильді робототехника, өнеркәсіптік автоматика, токарлық жұмыс, зертханалық талдау, электромонтаж, графикалық дизайн, кірпіш қалау ісі. Еңбек нарығына ауадай қажет мамандықтарды жетік меңгеруге талпынған өрендер чемпионаттың қалалық іріктеу кезеңінде бас қосты. 341 студент он күн бойы өз саласында шеберлігін дәлелдеу үшін барын салды. Үздіктері бүгін марапатталды. 
Ерасыл Қадірбек, «Аспаз ісі» номинациясы бойынша қола медаль иегері:

Мені екінші курста WorldSkills-қа дайындық ретінде  практикаға жіберген, сол жақта қалып, қазір жұмыс істеп жатырмын. Аспаз болғандықтан, бірінші шеберлік керек, екінші жылдамдық керек, үшінші төзімділік керек.

WorldSkills – жұмысшы мамандықтарды қолдауға арналған әлемдік жоба. Астанада осымен 11-рет өтіп отыр. Биылғы ерекшелік - колледж студенттерінен бөлек, ерекше балалар мен оқушылар арасында да дәл осындай форматта жарыс ұйымдастырылды. Бөтелкеден күн шамын жасаған Айару Сембек үздік жас өнертапқыш атанды.
Айару Сембек, 3-сынып оқушысы, «Жас өнертапқыш» номинациясы бойынша алтын медаль иегері:
Екі бөтелкені кестім, шар қыстырдым, ішіне күн панелін салдым. Күндіз қуат алып, түнде жанып тұрады. Оны далада, тауға шыққанда немесе қараңғы болғанда қолдануға болады.
Дизайнер мамандығы бойынша білім алып жатқан Жанерке Қадикен чемпионатқа алғаш рет қатысқандардың бірі. Қатарластарынан озып, жеңіске жетті.
Жанерке Қадикен, «Сән технологиясы» номинациясы бойынша алтын медаль иегері:
Бұл конкурстың талаптарында біз пальто тіктік, басында мутбортын сыздық. Өзіміз ойлап таптық. Эскизін, суретін және оны 12 сағатта тігіп шықтық.
Зәуре Қылышбаева, ұйымдастырушы:
Биыл химиялық технология бағыты қосылды, кәсіпкерлік бағыты қосылды. Одан кейін ұшқышсыз ұшу бағыты қосылды. Осы бағыттар бойынша республикалық чемпионатта өтетін бағыттарды қосып отырмыз.
Республикалық кезеңге 33 қатысушы өтті. Бұл сайыстан үздік деп танылғандар халықаралық чемпионатқа жолдама алады.


Бөлісу