Басты Жаңалықтар Алматылық өнертапқыш халықаралық грант жеңіп алды

Алматылық өнертапқыш халықаралық грант жеңіп алды

Әлемдік додаларда оза шапқан алматылық жас өнертапқыш әрі робототехника саласының үздігі Әлімжан Жанділдәұлы АҚШ-тағы беделді Salisbury School мектебінің грантын жеңіп алды.

Еліміздің түпкір-түпкірінен 300-ге жуық үміткер бақ сынаған іріктеуде небәрі үш оқушы суырылып шығып, толық грантты иеленген. Талантты зерттеуші Әлімжан – сол үздіктердің бірі. Ол мектеп қабырғасынан бастап робототехника мен бағдарламалау саласына қызығушылық танытып жүр. Жас дарын халықаралық жарыстар мен ғылыми жобаларға қатысып, технология мен инновация бағытында бағын сынап, талай рет жүлдемен оралды. Ол ел құрамасы сапында болып, Панамада өткен Дүниежүзілік FIRST Global Challenge жарысында 190 ел арасынан алтын медаль жеңіп алды. Сонымен қатар OyLab ұйымын құрып, Орталық Азияда мың жарым жас кәсіпкерді біріктірді. Тіпті Әлімжан Жанділдәұлы шетелдік ғалымдармен инженерлік салада ғылыми зерттеу жүргізіп, қазақ есімдеріне арналған жасанды интеллект жобасын әзірлеген.

Әлімжан Жанділдәұлы, оқушы:

АҚШ-та орналасқан мектептен 160 мың АҚШ доллары /80 млн теңгенің/ грантын ұтып алдым. Oliver Grace Scholars деп аталатын екі жылға арналған грант. Қазақстанда бір хаб ашып, оны дамыту мақсатым бар. Яғни робототехника мен IT салаларында оқушыларды, студенттерді хаб ашу арқылы көмектескім келіп тұр.

Salisbury School – АҚШ-тағы академиялық деңгейі жоғары, көшбасшылықты бағалайтын беделді мектептердің бірі. Бұл грант Әлімжанға тек шетелде білім алуға мүмкіндік беріп қоймай, технология, ғылым және халықаралық кәсіпкерлік бағытында ауқымды жобаларды жүзеге асыруға үлкен жолдама ұсынады, дейді ұстаздары.

Ғабит Бекахметов, мұғалім:
Грантқа тапсырғанда ол АҚШ-тағы мектеп үшін үлкен жетістік белгісі. Ол тек жетістік үшін емес, сол жерде шеберлігін танытып, оған ұмтылатын талапты екенін көрсетеді.


Бөлісу