Елдегі кез-келген этносаралық кикілжіңге тосқауыл қойылады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елдегі кез-келген этносаралық кикілжіңге тосқауыл қойылады

27.04.2023

Арандатуға жол жоқ! Елдегі кез-келген этносаралық кикілжіңге тосқауыл қойылады. Бұған Ассамблея атсалысқаны абзал. Ұлттық ықпалдастық институтына айналуы қажет. Мемлекет басшысы бүгін Қазақстан халқы Ассамблеясының 32-сессиясына қатысып, институттың алдағы жұмысын бағдарлап берді. 

Қазақстан – бейбітшіліктің мекені, киелі қара шаңырақ. Сол шаңырақтың шырқын бұзғысы келетіндер жоқ емес. Соңғы кездері шындыққа жанаспайтын, деструктивті жарияланымдар жиіледі. Оның қаупі жоғары екенін бәрі біледі. Біле тұра бірлікті емес, бүлікті көздеп жүргендер бар. Президент олар кімнің көсеуімен от көсеп отырғанын сезеді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Ондай жарияланымдардың басым көпшілігінде авторлардың Қазақстанмен еш қатысы жоқ. Шетелден әрекет ете отырып, қоғам арасында жанжал тұқымын себуге тырысады. Олардың риторикасы мен әрекеттері сенімсіздік атмосферасын қалыптастыруға, адамдар арасындағы алауыздықты қоздыруға, мемлекеттік қауіпсіздікті бұзуға бағытталған.

Мұндай арандатушылықтардың жолы кесіледі. Осылай деген Президент сепаратизмнің кез-келген белгілеріне тұтас халық болып қарсы тұру керек екенін айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Этносаралық, тілдік және әлеуметтік сипаттағы кез келген арандату әрекетінің жолы заң аясында қатаң кесіледі. Бас прокуратура, Ішкі істер министрлігі, Ұлттық қауіпсіздік комитеті бұл мәселені ерекше назарда ұстап, заң бойынша әрекет етеді. Әр азамат өз сөзі мен әрекетіне жауапкершілік сезінуі керек. Эмоцияға беріліп, өшпенділік пен жеккөрушілікке бой алдыруға болмайды. Бөтен ақпараттық соғыстар мен идеологиялық даулар бізге қажет емес.

Бірақ, елді сүю, қорғау түсінігін басқа мүддемен араластырмау керек. Өйткені, жер бетіндегі қақтығыстар мен соғыстардың дені ұлттық тәкәппарлық пен менсінбеушіліктен. Осылай деген Мемлекет басшысы шынайы патриоттық ұстанымды ұлтжанды болып көрінумен шатастырмау керегін ескертті. Этноәлеуметтік шиеленісті тудыратын себептерді жоюды да тапсырды. Өйткені, аймақтық ерекшеліктер мен басқа факторлар әлі де бар. Осыған жіті назар аудару керек деді. Әсіресе, шалғайдағы ағайындар арасында ақпараттық жұмыс аса қажет.

Ал қазақ тілі ғылыми прогресс пен білімнің озық жетістіктеріне жол ашатын құралға айналуы керек. Президент мұны бүкіл қоғам болып шешетін тарихи міндет деді. Әрі тілге қатысты мәселе этникалық емес, азаматтық, саяси сипатқа ие екенін түсіну керегін жеткізді.

Бұл жұмыстардың басы-қасында Ассамблея жүруі керек. Өйткені, оларға артылған міндет көп. Оның үстіне Қасым-Жомарт Тоқаев Ассамблея қызметін біртіндеп ұлттық ықпалдастық институтына айналдыру керегін айтып, Үкіметке тиісті тапсырма берді.

Асима Нұрбайқызы, тілші:

Ассамлея керек емес. Осылай деп жүргендерге де Президент бүгін жауап берді. Түптеп келгенде «Ассамблея - ұлтты ұйыстырып отырған ұйым, мемлекет іргесін бекітіп тұрған басты институт» деді. Сондықтан күмәнді пікірлер қисынсыз деп, бірлікті нығайту бағытындағы жұмысты жалғастыруды тапсырды.


Хабарламаларға жазылу