Атырау облысының тұрғындары мәдениет ордасына мұқтаж - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Атырау облысының тұрғындары мәдениет ордасына мұқтаж

27.04.2023

Атырау облысына қарасты Сарытоғай елді мекеніндегі мәдениет үйінің құрылысы осымен үшінші рет тағы да тоқтап қалды. Бұған дейін жобаға тартылған екі мекеме де жұмысты аяқсыз қалдырды. Ал жақында тағайындалған мердігер сметалық құжатқа енгізілетін түзетулерге байланысты кестеден кешігіп жатыр. Ауылдықтар жаңа өнер ордасы ел игілігіне беріледі дегенше ескісі құлап үйінді астында қалмасақ болды деп қапалы. Аяқсыз қалған жобаның кесірінен ауылдықтар апатты жағдайда тұрған ескі мәдениет үйіне баруға мәжбүр. Салынғанына 70 жылдан асқан өнер ордасы құлап бастаған. Қасбеті опырылып, қабырғасы қақырап түсіп жатыр. Соған қарамастан құлазыған нысанға өнермен сусындау үшін 300 тұрғын келеді. 80 адамнан тұратын 5 ұжым жұмыс істейді.

Рысқали Жұмабаев, Сарытоғай ауылдық мәдениет үйінің басшысы:

Театр киім ілгіштен басталады деп айтады ғой. Мысалы мынаның ішіне шараға кісі толтырып жинаудың өзі ұят. Қашан құлап кетеді деп зәреміз ұшып отырады.

Құрылысы созбалаңға салынған мәдениет ошағы тек сарытоғайлықтар үшін ғана емес, іргедегі бірнеше ауылдың халқына да қажет. Тұрғындардың жаңа мәдениет үйін күткеніне 6 жылдан асты. 260 млндай қаржы бөлінген нысанның тек қалқиып қаңқасы ғана тұр.

Жандос Темірғали, тілші:

Мердігер бекітіліп, жөндеу жұмыстары жанданды делінген мәдениет үйінің құрылысы тағы да тоқтап тұр. Қақпасы тарс құлыптаулы. Ал, құрылыс алаңында жан жоқ.

Жұмысқа салғырт қараған екі мердігердің үстінен де іс қозғалып, жауапкершілікке тартылды. Бар үміт- үшіншісінде. Оның өзі жоспардан кешігіп келе жатыр. Жобаны түзету 3 айдай уақыт алады. Осы аралықта құрылыс жұмыстары жүргізілмейді.

Дәурен Қанапин, облыстық құрылыс басқармасының бас маманы:

Қазір техникалық тексеріс жүргізіліп жатқасын сол себептен тоқтатылды. Әрі қарай жұмысты жалғастыру үшін түзетуді күтіп отырмыз. Бағасы шыққаннан кейін әрі қарай жұмысты жалғастырады деп ойлаймыз.

Бір анығы жоба құны 40 пайызға дейін тағы өседі. Әкімдік, нысан жыл соңына дейін тапсырылады дейді. Ал, уәдеге тойған тұрғындар мәдениет үйінің төрінен әуелеген ән мен күмбірлеген күйді жуық арада ести алмайтынына налиды.

Жандос Темірғали

Хабарламаларға жазылу