Атырау облысының тұрғындары өзеннің суын ішуге мәжбүр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Атырау облысының тұрғындары өзеннің суын ішуге мәжбүр

17.10.2022

Ал, атыраулықтар әлде де жергілікті әкімдіктен көмек бола ма үмітін үзбей отыр. Құрманғазы ауданындағы Байда округінің халқы көп жылдан бері ауыз суға мұқтаж. Қазір, амалы таусылған тұрғындар тіршілік нәрін Қиғаш өзенінен ішуге мәжбүр. Бұдан бөлек төрт ауылға су сағаттап беріледі. Өйткені, стансалардағы сорғылар әбден тозған.

83 жастағы Бахыт ақсақал мен Вера әже Байда ауылының байырғы тұрғындары. Олар тіршілік нәрін Қиғаш өзенінен құбыр арқылы алып отыр. Оның өзін биыл ғана қыруар қыржыға жасатқан. Судың сапасы сын көтермейді. Лайланып тұрады. Құдықтың түбіне топырақ тұнып қала береді.

Бахыт Қалиев, зейнеткер:
Көп ақша кетті. Балалар көмектесті. Ағайын тумалар. Сосын, балалар қазып берді. Ол да бір временный зат екен. Тоқтап қалады. Балдыр толады екен.
Ауылдағы 6 әлеуметтік нысан да тасымал сумен күн көріп отыр. Сорақысы сол, өзеннен тікелей әкелінетін тазаланбаған суды балабақшадағы бүлдіршіндер де ішеді.

Қаламсия Досекенова, «Айгерім» бөбекжай балабақшасының меңгерушісі:
Енді қиғаштан әкеліп тікелей құяды. Сол суды балалар ішіп жатыр ма? Иә, ішіп жатыр енді.
2000 мыңға жуық тұрғыны бар Байда елді мекеніндегі 389 үйге ауыз су құбырын жүргізу үшін 2016 жылы жоба жасалған. Алайда, 2020 жылы тоқтаталып, түзету енгізілді.
Жүсіп Төреғалиев, Байда ауылдық округінің әкімі:
Шағырлы деген ауылымыз бар. Сондағы 22 үйге судың проектісі жоқ ешқандай.Біз асфальттің екі жағымен жүргізу үшін кері түзетуге беріп отырмыз.
Теңіз ауылында да жағдай мәз емес. Мұндағы су тазарту стансасының құрылғылары әбден тозған. Сол үшін тұрғындарға су сағаттап беріледі. Соңғы бір жылда 6 сорғы ауыстырылған. Аудандық билік елді мекендердегі проблеманы жуық арада шешеміз деп отыр.

Марат Хасанов, Құрманғазы ауданы әкімінің орынбасары:
Қазір насостар сатып алу жөнінде қаражат бөлінді. Сатып алынғаннан кейін су үздіксіз жүргізіледі. Судың сапасына сенімгерлік негізде алып отырған мекемелер жауап береді.
Егер жобаға енгізілген түзетулер сараптамадан оң нәтижемен өтсе, онда Байда ауылына 15 шақырымдық құбыр келер жылы тартылады. Оған бюджеттен 700 млн теңге ақша қаралып отыр. Әзірге, таза суды күткен Бахыт ақсақалға құдығындағы лай сумен амалдай тұруына тұра келеді.

Жандос Темірғали

Хабарламаларға жазылу