Жетісу облысында мал төлдету науқаны жүріп жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жетісу облысында мал төлдету науқаны жүріп жатыр

13.04.2023

Жетісу облысындағы малшылар қауымының дәл қазір қауырт шағы. Өңірде мал төлдеп жатыр. Биыл төрт түліктен 1 млн бас төл алу жоспарланған. Атап айтқанда, шаруалар 830 мыңға жуық қозы-лақ, 200 мыңдай бұзау, 53 мың құлын мен 300-дей ботамен мал басын еселемек. Қыс қатты болғанымен көрсеткіш те жаман емес. Малдың 55 пайызы төлдеп үлгерді. Шаған тауының етегінде орналасқан бұл шаруашылық биылғы науқанға 600 саулықпен кірді. Малдың алды төлдеп бітті. Таулы аймақта қар жылдағыдан көп түсіп, мал азығы түгесіліп, көкке әрең іліндік дейді қожалық жетекшісі. Десе де төл алу науқанын ойдағыдай бастап, ойдағыдай аяқтап жатқан жайы бар.

Қуаныш Қанатұлы, тілші:

Көктемгі мал төлдету науқанының қызығы мен шыжығы қатар. Қызығы бір қозы қарны тойып, күнге қыздырынып жатса, ал кейбірі жамырап енелерін іздеп жүр. Ал қиын тұсы түн ұйқысын төрт бөліп, күзетіп, басына бас осылай төл алу.

Бұл шаруашылықта ұсақ малдан бөлек жылқы мен сиыр да бар. Алайда малдың басын еселеуге қолда бар 450 гектар жайылым жер тарлық етіп тұр.

Ерден Бейсенов, шаруа қожалығының басшысы:

Жерім үлкен болатын болса, мен екі отар емес. Үш отар ұстай бере аламын. Мысалы, колхоздың тұсында 800 га деп айтатын бір отар қойдың жері. Қазір енді 800 га емес. Жан-жағымыз түгел шауралар. Бірінің жеріне жайсаң ренжиді.

Ауданда тағы бір мал төлдетіп жатқан жандардың бірі Өмірбек Қазыбекұлы. Өзге малшылардан ерекшелігі басына бас емес, егізден төл алып жатыр. Себебі асыл тұқымды ешкі бағады. Бұл кәсіпке шаруа асқазандағы дертінен кейін ден қойған. Ешкінің сүті түрлі сырқатқа ем екенін түсініп, қазір Сексек ата төлін көбейтуге кіріскен.

Өмірбек Қазыбекұлы, ауыл тұрғыны:

Бір асыл сиырдың жем-шөбіне бес ешкіні қысы-жазы бағып өсіруге болады. Ал бес ешкіден екіде үш сиырдың өнімін, ақшасын алуға болады.

Жалпы Көксу ауданы бойынша биыл 90 мың қой-ешкіден төл алу жоспарланған. Қазірдің өзінде 100 саулықтан төл басы 90-95-тен айналуда.

Қуаныш Қанатұлы

Хабарламаларға жазылу