Тұңғыш рет халықаралық деңгейде композитор Кеңес Дүйсекеевтің есімін ардақтаған «Туған жер» атты ән байқауы өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Тұңғыш рет халықаралық деңгейде композитор Кеңес Дүйсекеевтің есімін ардақтаған «Туған жер» атты ән байқауы өтті

08.04.2023

Қызылордада «Туған жер» атты халықаралық ән байқауы өтті. Сырдың талантты тумасы, композитор Кеңес Дүйсекеевтің есімін ардақтаған дәстүрлі өнер бәйгесіне биыл 200-ге жуық конкурсант қатысуға ниет білдірген. Соның ішінен үздіктер іріктеліп, 28 әнші бақ сынады.

Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері Кеңес Дүйсекеев ән әлемінің өр шыңын бағындырған тұлға. Таланатты композитор 200-ден астам әннің авторы. Оның «Қарағым-ай», «Сәлем, саған туған ел!», «Қаракөзайым» секілді туындыларын бүгінде шырқамайтын қазақ жоқ.

Баян Дүйсекеева, К.Дүйсекеевтің жұбайы:

Кеңес Дүйсекеевтің өшпес туындылары халқының жүрегінде мәңгі сақталады деп ойлаймын.

Өнер иесін ұлықтауға арналған байқау бұрын республикалық деңгейде өтіп келсе, биыл алғаш рет халықаралық дәрежеге көтеріліп отыр. Өнер бәйгесіне отандық әншілерден бөлек, алыс-жақын шет елдерден 6 талапкер қатысып, өз өнерлерін паш етті.

Михаил Кочмарек, әнші:

Бұл менің Қызылордаға алғаш рет келуім. Байқаудың талаптары жоғары екенін көріп, өз бағымды сынауға бел будым. Қазақ әнін орындау үшін екі ай бойы дайындалдым. Сіздердің әндеріңізді дауысы зор әншілер ғана айта алады. Қатысып жатқан талапкерлердің барлығы мықты екен.

Конкурс талабы бойынша қатысушылар бірінші кезеңде Кеңес Дүйсекеевтің әндерін шырқады. Келесі турда әншілер өз қалауы бойынша ән айтты.

Рамазан Тайманов, композитор, қазылар алқасының мүшесі:

Конкурстың ерекшелігі Кеңес ағамның әндері өте күрделі әндер. Оны екінің бірі әншілер оны өзінің дәріжесінде айта алады деп ойламамын. Сондықтан да біз осы конкурсқа 28 баланы іріктеп, қатыстырып отыр.

Өнер кешіне аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев та арнайы келіп, ізгі лебізін жеткізді. Ақжолтай жаңалық, қалада жаңадан салынып жатқан мың орындық заманауы облыстық филармония ғимаратына Кеңес Дүйсекеевтің есімі беріліп, келесі байқау сонда өтпек.


Хабарламаларға жазылу