Басты Жаңалықтар Түркі мемлекеттері ұйымы – біртұтастық символы

Түркі мемлекеттері ұйымы – біртұтастық символы

Құрылғанына 16 жылдан асқан Түркі мемлекеттері ұйымы бауырлас елдерді біріктіретін бірегей институт. Ұйымға мүше бес елдің арасында бүгінде саяси-экономикалық, мәдени-гуманитарлық бағыттарда байланыс бекем. Жыл өткен сайын ұйымның аясы кеңейіп, өрісі артып келеді.

2009 жылы Қазақстанның бастамасымен құрылған Түркі елдерінің кеңесі бүгінде белді халықаралық ұйымға айналды. 2021 жылы Ыстанбұлда өткен сегізінші саммитте Кеңесті Түркі мемлекеттерінің ұйымы деп атау туралы шешім қабылданды. Ұйымның аясы кеңейіп, жыл өткен сайын Қазақстан, Түркия, Әзербайжан, Қырғызстан мен Өзбекстан әр салада байланысты артырып келеді. Жылына бір рет мүше мемлекеттердің бірінде өтетін саммитте маңызды құжаттар қабылданып, түркі әлемі үшін өзекті мәселелер талқыға түседі.

Түркістандағы бейресми саммиттің жасанды интеллект мен цифрландыру мәселесіне арналуы ұйымның заманауи үдерістерден сырт қалмайтынын көрсетеді дейді ұйымның Бас хатшысы Кубанычбек Өмірәлиев.

Қубанычбек Өміралиев, Түркі Мемлекеттері Ұйымының Бас хатшысы:

Түркістандағы саммит - символикалық жиын. Себебі Түркістан түркі дүниесінің орталығы, астанасы. Саммитте көтерілетін негізгі тақырып келешек үшін өте маңызды. Қазір барлық әлем жасанды интеллект, цифрландыру бағытында дамуда. Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдер  60-қа жуық платформада бірлесе жұмыс істейміз. Солардың басым бөлігінде цифрландыруды енгізіп жатырмыз. Мәселен, Орта дәліз арқылы өтетін көлік логистикасы, экономикалық байланысты нығайту үшін мемлекеттер арасында цифрлы сауда саттықты енгізу сияқты жобаларымыз бар.

Он алты жыл тарих үшін көп уақыт емес. Дегенмен осы кезеңде ұйымның аты ғана емес, заты да өзгеріп, салмақты саяси институтқа айналды. Түркі инвестициялық қоры құрылып, бауырлас елдер арасында жаңа инвестициялық жобаларға қаржы бөліне бастады. Ортақ тарихымыз бен мол мәдени мұрамызды сақтап, келешек ұрпаққа аманаттау мақсатында Түркі мәдениеті және мұрасы қоры құрылды. Ұйымның орта және ұзақ мерзімді мақсаттары мен міндеттерін айқындайтын «Түркі әлемінің келешегі – 2040» құжаты бекіді. Мұның бәрі түркі мемлекеттерінің әр салада бірлесе әрекет етіп, болашаққа бірге бағыт ұстағанының көрінісі.

Абдулхамит Авшар, халықаралық саяси сарапшы, профессор:

Астанаға сапары кезінде Президент Ердоған мен Тоқаевтың бірге түскен суреті екі бауырлас елдің қарым-қатынасын, түркі мемлекеттерінің байланысын дәл көрсететін фото болғанын байқадым. Қазір мемлекеттер арасында әлеуметтік, экономикалық, мәдени байланыстар бұрынғы классикалық модельден өзгеріп, басқа заманауи бағытқа бет алды. Сондықтан түркі елдері де цифрландыру, жасанды интеллект бағытында дамымасақ кенже қалып қоюымыз мүмкін. Түркі мемлекеттерінің басшылары жиналып, осы бағыттағы даму жоспарын талқылауы өте маңызды.

Түркістандағы бейресми саммиттің цифрландыру және жасанды интеллект мәселесіне арналуы тегін емес. Бүгінде әлем осы бағытта дамып барады. Оның үстіне ұйымға мүше елдер арасында Қазақстан цифрландыру бағытында бірқатар ілкімді жобаларды жүзеге асырып отырған ел. Түркі мемлекеттері ұйымына мүше өзге елдер де осы салада бірлескен жобалар жасауға қауқарлы дейді сарапшылар.

Нежметтин Мутлу, халықаралық қатынастар жөніндегі сарапшы, цифрландыру туралы кітаптардың авторы:

Жасанды интеллект, цифрландыру бағытында қазіргі жастар арасында өте жақсы жобалар бар. Түркияда жыл сайын өтетін «Технофест» байқауында ерекше стартаптар кездестіруге болады. Осындай «Технофест» көрмесін Азия елдерінде де өткізуге болар еді. Сондай-ақ, түркі елдеріне ортақ әлеуметтік желі жасауға болады. Ол жерде өзіміздің құндылықтарымызды насихаттауға жақсы мүмкіндік туар еді.

Бүгінгідей алмағайып заманда бауырлас елдердің жыл сайын бас қосып, шетін мәселелерді бір шаңырақ астында бірлесе шешуі ұйымның жылдан-жылға нығайып келе жатқанының көрінісі. Бірлік әрдайым тірлікке бастайтыны сөзсіз.

Хусейн Гунгөр, саяси сарапшы:

Қазақстан бүгінде тек өңірде ғана емес, әлемдік деңгейде жылдам дамып келе жатқан ел. Сондықтан Қазақстандағы саммитте тек цифрландыру мен жасанды интеллект емес, экономика, қауіпсіздік, энергетика бойынша қабылданатын шешімдер түркі елдеріне ғана емес, әлемге де әсер ететіні сөзсіз. Ортақ құжат қабылдау арқылы түркі мемлекеттері өзара байланысын жаңа деңгейге көтереді деп сенемін.

Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдерде жалпы саны 170 млннан аса халық тұрады. Өзара ортақ сауда айналымы 50 млрд долларға жуық. Ұйымға мүше елдердің жылдам өсіп келе жатқан экономикасы, Транскаспий халықаралық көлік дәлізі сияқты алып жобаны жүзеге асыру секілді қадамдар ұйымның әлемдік қауымдастық алдындағы салмағын арттыра түскені анық. Түркі мемлекеттері ұйымы бүгінде тек түркітілдес елдер емес, әлемнің алдыңғы қатарлы мемлекеттері санасатын әлеуетті саяси-экономикалық институтқа айналды. 


Бөлісу