Гибридті көлік иелері қосымша төлемге қарсы
Елімізде гибридті көлік мінген мыңдаған азаматтың банк шоттары бұғатталып қалған. Мемлекеттік кірістер органдары кедендік рәсімдеу кезінде құжаттарда қателік кеткенін растады. Ал көлік иелері автомобильдерін заң аясында рәсімдеп, барлық төлемді уақытында жасағандарын айтады.
Сәндібек Нариман заманауи көлікті былтыр сатып алған. Айтуынша, елге кіргізу кезінде брокер арқылы барлық кедендік төлемдерді төлеген. Алайда арада бір жыл өткенде оған қосымша салық төлеу туралы хабарлама келген.
Нариман Сәндібек, қала тұрғыны:
Салық төлеуге барған кезде көлікті кеденнен өткізуге тағы да қосымша 1 млн төлеу керек дейді. Шоттарымның бәрі блокта. Көлікті өзім үшін әкелдім. Сол кезде қандай заң бойынша не төлеу керек - бәрін төледім.
Мәселенің мән-жайын білу үшін ондаған көлік иесі бүгін қалалық Мемлекеттік кірістер департаментіне жиналды. Олардың айтуынша, шоттардың бұғатталуы кәсіп жүргізіп отырған азаматтарға да қиындық туғызған.
Дәулет Әшімхан, қала тұрғыны:
Кейбіреуінің ИП-сы бар жұмыс істеп жатқан. Кейбіреуі бала-шағамен отыр 4-5 айлық. Олардың шоттарын бұғаттап тастаған. Біріншіден, шотты ашу керек. Екіншіден, мардымды жауап беруі керек.
Ал Мемлекеттік кірістер департаментінің өкілдері мәселе кедендік кодты рәсімдеу кезінде кеткен сәйкессіздікке байланысты туындағанын айтады.
Ержан Шадыров, қалалық Мемлекеттік кірістер департаментінің бөлім басшысы:
BYD Destroyer 05 көлігінің ресми өкілі бар. Солардың құжаты негізінде техникалық мінездемелері арқылы көрсетілген кодының дұрыс жүктелмегенін анықтадық. Сол себепті хабарлама түзілді.
Десе де жауапты орган өкілдері көлік иелерінің талабын құзырлы органдарға жолдайтынын айтты.
Динара Шүйкебаева, қалалық Мемлекеттік кірістер департаментінің бас маманы:
Біз сіздер көтеріп отырған мәселе бойынша тиісті шаралар қабылдаймыз. Өзіміздің құзыретті органымызға хат жолдаймыз. Бағана мен ескертіп өттім, аумақтық департаменттердің деңгейінде шешілетін мәселе емес. Сондықтан біз өз тарапымыздан қолымыздан келген жұмысты істейміз
Қазір тұрғындар шоттарды бұғаттан шығарып, қосымша төлем талабын қайта қарауды сұрап отыр. Мәселенің нақты қалай шешілетіні әзірге белгісіз.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы