Басты Жаңалықтар Сандық серпіліс: Қазақстан ЖИ дәуіріне қадам басты

Сандық серпіліс: Қазақстан ЖИ дәуіріне қадам басты

Түркі мемлекеттері ұйымы аясында ЖИ және креативті индустрияны дамыту мәселесі көтеріліп, ортақ жол картасын жасау, тәжірибе алмасу және бірлескен жобаларды іске асыру көзделіп отыр.

Мамандардың сөзінше, бұл тұрғыдан Қазақстанның ұйым мүшелеріне берері мол. Жалпы еліміздің цифрлық кеңістіктегі әлеуеті қандай? Түркі мемлекеттерімен цифрлық интеграция бізге не береді? Тілшіміз Нұрсұлтан Тілектес зерттеп көрді.

Мемлекеттік қызмет көрсету, денсаулық сақтау, білім беру мен қаржы секторы. Елімізде аталған салаларға жасанды интеллект кеңінен енгізіліп жатыр. Мамандар мұны сандық серпіліске балап отыр.

Қазбек Майгелдинов , саясаттанушы:

Бізде ЖИ бойынша осы Орталық Азия аймағында алғаш рет арнайы заң қабылданды. Бізде арнайы осы ЖИ-ді дамыту бойынша Astana Hub жұмыс істеп жатыр. Және де үшінші бір маңызды мәселе, мысалы, былтырдан бері бізде суперкомпьютерді жүйеге енгізу бойынша негізгі тәжірибеміз бар.

Қазір Қазақстанда Alem.Cloud және AI-Farabium суперкомпьютерлері жұмыс істеп тұр. Екеуі де әлемдік рейтингтегі үздік 500 суперкомпьютердің қатарына кіреді. Енді осы жылы қараша айында Астана іргесіндегі Қосшы қаласында қуаттылығы аталған екеуінен үш есе жоғары тағы бір суперкомпьютер іске қосылмақ. Мамандардың айтуынша, мұндай жоғары өнімді есептеу жүйелері жасанды интеллектіні дамытуға, үлкен көлемдегі деректерді жылдам өңдеуге, ғылыми зерттеулер жүргізуге, сондай-ақ мемлекеттік және бизнес салаларындағы цифрлық қызметтердің сапасын арттыруға мүмкіндік береді.

Нұрсұлтан Тілектес, тілші:

Қазақстан Орталық Азиядағы ЖИ саласының көшбасшысы атанды. Oxford Insights халықаралық талдау компаниясының мәліметіне сүйенсек, еліміз аталған бағыттағы көрсеткіштері жағынан әлемдік рейтингте 135 елді басып озып, 60-орынға жайғасқан.
Енді заңсыз құрылысты анықтауға, ұялы байланыс сапасын реттеуге де жасанды жад жұмылдырылмақ. Бизнеске де виртуалды көмекші қолғабыс етеді.

Жаслан Мәдиев, ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі:

AI-көмекші қаржыландыруға өтінім беру процесін 24/7 сүйемелдейді, қатысу шарттарын түсіндіреді, сондай-ақ кәсіпкерлерді бизнес-жоспар мен құжаттарды дайындау кезінде қолдайды. Бұл ісін жаңа бастаған кәсіпкерлер үшін бизнесті ашу және дамыту процесін барынша қолжетімді етеді.

Қазақстан жасанды интеллектінің мүмкіндігін толық пайдалануды көздеп отыр. Енді ақылды жүйе интернет алаяқтарымен күресуге бағытталады. Ол үшін AI-антифрод жүйесі іске қосылмақ. Жүйе күмәнді қоңырауларды алдын ала анықтайды.

Айдос Сарым, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Біз бірінші болып Орталық Азияда тұңғыш мемлекет ретінде цифрлық кодексті қабылдадық. Жасанды интеллект жөніндегі заңнаманы жасай бастадық. Технологиялық платформалармен жұмыс істеу бойынша, олардан салық жинау бойынша да алғашқылардың бірі болып көтеріп келе жатырмыз. Біз ондай тәжірибемізбен түркі мемлекеттерімен тұрақты бөлісіп, өз тәжірибемізді айтып, жеткізіп отырамыз.

Мақсаты ортақ, мүддесі бір түркі мемлекеттері ЖИ және креативті индустрияны дамыту мәселесін көтеріп, ортақ жол картасын жасау, тәжірибе алмасу және бірлескен жобаларды іске асыру жағын талқылау үшін қазақ топырағында жиналып отыр.

Қазбек Майгелдинов, саясаттанушы:

Түркістандағы бейресми саммиттің өтуінің маңыздылығы неде? Ресми саммиттің күн тәртібі көбінесе көптеген сұрақтарға байланысты болады. Ал бейресми саммит – бұл нақты бір тақырыпқа арналған. Осы жолғы өтетін тақырып – бұл, әрине, креативті индустрия мен ЖИ-ді дамыту болып отыр. Бұл тұрғыдан алғанда, мысалы, Қазақстанның берері мол. Өйткені біздің еліміз бүгінгі таңда ЖИ-ді енгізу бойынша көптеген бастамаларды жүзеге асырып отыр.

Қазақстанда қазір цифрлық сала қарыштап дамып жатыр десек, артық айтқандық емес. IT мамандары ChatGPT сынды бірнеше заманауи платформалардың отандық баламаларын жасап шықты. Ресми ақпараттарға сүйенсек, 2030 жылға қарай жасанды интеллектінің әлемдік экономикаға қосатын үлесі 22 трлн доллардан асады. Ал Қазақстан бұл көшке әлдеқашан ілесіп алды. Мәселен, былтыр еліміз 110 мемлекетке 1 млрд долларға IT қызметін экспорттаған.

Еділхан Дидар, phd докторы, профессор, Astana IT University жанындағы ғылыми орталықтың директоры:

Қазақстан цифрландыру бойынша өте жақсы нәтижелер көрсетіп отыр. Елімізде сапалы адами капитал қалыптасқан және жыл сайын дамып келе жатқан инфрақұрылым бар. Сондықтан Қазақстан цифрландыру саласында көшбасшы елдердің бірі ретінде жаңа инновациялық шешімдерді енгізуде үлкен әлеует пен зор мүмкіндікке ие.

Бірақ бұл жетістіктің теріс жағы да бар. Мәжіліс депутаттары жасанды интеллектінің енуімен Қазақстанда алдағы он жылда 400 мың адам жұмыссыз қалады деп дабыл қақты. Дегенмен тиісті министрлік халықты жаңа мамандықтар бойынша оқытып, бұл проблеманы толық шешеміз деп сендірді.

Айдос Сарым, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Әлемде 15-20 шақты ғана мемлекет ЖИ-мен тіл мәселесін біріктіріп жатыр. Соның ішінде Қазақстан да бар. Біздің LMM модельдерді ЖИ-мен жақындату, оны пайдалану деген сияқты бағыттарымызға қырғыз, түрік әріптестеріміз қызығушылық танытып отыр.

Хош, біздің бауырлас елдерге береріміз мол. Ал біз не аламыз? Мамандардың сөзінше, Түркияның аталған салада тәжірибесі мол. Ал Өзбекстан ЖИ-ді дамыту бойынша 2030 жылға дейінгі арнайы стратегия қабылдады.

Сондықтан Түркістанда бас қосып, заман талабына сай интеграция жасау Түркі мемлекеттері ұйымы мүшелерінің экономикасын ілгерілетіп, сыртқы саясаттағы салмағын арттыра түсері сөзсіз.


Бөлісу