Асау үйретіп, ат үстінде садақ ататын батыл қыз. Арғымақтың құлағында ойнайтын Атыраулық атбегі арудың есімі - Дария Болат. Қазір ол 11 сыныпта оқиды. Ата дәстүрді 12 жасынан бері серік еткен. Арманы ұлттық құндылықты жаңғыртып, төл спорттың дамуына үлес қосу.
Дарияның сәйгүлікке деген сүйіспеншілігі – «Жау жүрек мыңбала» филіміндегі Сартай мен Қорланның ерлігінен басталады. 12 жасында өзі ақша жинап, екі жабағы сатып алыпты. Содан бері ат үстінде. Күнделікті 4-5 бес сағатын тұлпар баптауға арнайды.
Дария Болат, атбегі:
Атты – аттың тұяғынан да мықты адам ұстайды дейді ғой. Аттың дауысы, мінгенде шабысы, жүргенде жүрісі өте әдемі. Ұлттық спорттан қыз қууға қатысып жүрдім. Талай-талай жігіттерді жеткізген жоқпын.
Ауыздығымен алысып, тұяғымен жер тарпып келе жатқан арғымаққа Дария «Торпеда» деп ат қойған. Тегеуріні қатты тұлпарды ауыздықтау оған қиын болмапты. Талай жарақат та алса да, сағы сынбаған.
Дария Болат, атбегі:
Аттан көптеген жарақат алдым. Атпен бірге құлаған күндерім де болды. Одан кейін, қолымды сындырдым. Бірақ сонда да, қолым гипс кезде де атқа мініп жүрдім. Сол кезде ата-анам қызығушылығыма таңқалып, өздері рұқсаттарын берді.
Дарияның атқан оғы нысанадан мүлк кеткен емес. Ұлттық спортқа қатысып жүргеніне 1 жыл. Осы уақыт ішінде мерген қыз, Маңғыстауда өткен Ел чемпионатында үздік үштіктің қатарынан көрінді. Астанада да жамбы атуға қатысып, талайды таңдай қақтырған. Бұдан өзге бәйге, қыз қуу сияқты төл спорт түрлерін жетік меңгерген. Әрі өзі баптаған тұлпарын жарысқа қосып жүр. Сәйгүлігі 20 жүйріктің арасынан 2-орын алған.
Болат Берекенов, әкесі:
Табанды. Кәдімгі атқа тақымы мықты. Кез келген ер бала міне алмайтын нәрсені жасайды, қыз бала болғанымен. Сондықтан да біз Дәрияны бағалап, өзіміз рұқсатымызды беріп, одан әрі дамыта бер деп көндік.
Атбегі қыз – ұлы даланың бірегей құндыдығына айналған көшпенділер ойынын қайта жаңғыртқысы келеді. Қазір ауылынан әкесі екеуі садақ ату алаңын салып жатыр. Мектепті тәмамдағасын Алматыдағы спорт академиясына оқуға түсіп, ұлттық спорттың шебері болуды көздеп жүр.
Жандос Темірғали
