Банктерге 2600-ден астам адамның банкроттыққа берген өтініші мақұлданды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Банктерге 2600-ден астам адамның банкроттыққа берген өтініші мақұлданды

31.03.2023

Банктерге берешегін өтей алмай жүрген 2600-ден астам адамның банкроттыққа берген өтініші мақұлданды. Алайда бұл олардың барлығының қарызы кешіріледі деген сөз емес. «Банкрот» деген статус алты айдан кейін, яғни толық қаржылық тексеруден өткен соң ғана беріледі. Ал бүгінде тиісті өтінішті тапсыруға көмектесемін деп адамдарды алдап ақша алатын алаяқтар көбейген. Қаржы министрлігі әлеуметтік желіні жаулаған мұндай пысықайлардан сақ болуға шақырады.

Банкроттыққа өтініш қабылдау басталғаны сол еді, алаяқтықтың жаңа түрі пайда болды. Желіде «қарызды кешіруге көмектесеміз» деген жарнама толып тұр. Кейбірі «100 пайыз кепілдік бар» деп жазып қойған. Тегін рәсімдеуге болатын қызметті олар 5 мың теңгеден бастап 350 мыңға дейін бағалапты.

Құжат толтыру тәртібін білмегендер Халыққа қызмет көрсету орталығына барып, сондағы мамандардың көмегімен тегін-ақ өтініш бере алады. Үйден шықпай егов порталы немесе Е-салық қосымшасы арқылы арыз тастау мүмкіндігі де бар. Ол үшін борышкердің банк алдындағы қарызы 5 млн теңгеден аспауы тиіс.

Ержан Біржанов, ҚР Қаржы вице-министрі:

Екіншіден, қарыздар 12 ай ішінде төленбегені жайлы тексереміз. Үшіншіден, осы арызданушының меншігі жоқ екенін тексереміз. Үшінші, банктер мен микро қаржы ұйымдарының алдында реттеу рәсімі өтілді ме екен сол жұмыстарды қарастырамыз.

Сонымен, бір айда 34 мыңнан астам адам өзін банкрот деп жариялауға өтінім беріп үлгерді. Қарызынан тездетіп құтылғысы келетіндердің көбі – түркістандықтар. Алматы облысы мен Алматы қаласының тұрғындары арасында да өтініш бергендер көп. Министрлік 7 жарым мыңдай адамды банкрот деп жариялаудан бас тартты. Себебі, дені соңғы бір жылда ішінара қарызын өтеп отырған немесе берешегі 5 млн теңгеден асады. Ал бір мың адам өтініш берерде жұбайы барын көрсетпеген. Бір мың үш жүзден астам тұрғынның атында жылжымайтын мүлкі бар болып шыққан. Жер учаскесі мен көлігі бар адамдар да кездескен. Әзірге Қазақстан бойынша 2600 адамның өтініші расталды.

Ержан Біржанов, ҚР Қаржы вице-министрі:

Банкроттық рәсімдер басталып кетті. Қазіргі таңда адамдар банкрот деп жарияланған жоқ. Ол заңнамаға сәйкес біз еске алғаннан кейін 6 уақыт өтуі тиіс.

Айя Мүтәлі, тілші:

Яғни, өтініші мақұлданғаны туралы хат алған борышкерлердің банктегі қарызы есептеліп, әлі толық тексеруден өтуі тиіс. Ал өз арызына теріс жауап алған азамат 3 айдан кейін қайта өтініш бере алады. Ал елде қарызын мүлдем өтей алмай жүрген 1 миллион 180 мың адам бар. Олардың жалпы берешегі 1 триллион 100 миллиард теңгеден асады.

Айя Мүтәлі

Хабарламаларға жазылу