Парламент сайлауы - Президент ұсынған саяси реформалардың жалғасы. Өйткені, бұған дейін Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Сенат пен Мәжілістің қызметі қайта қаралды. Енді Мәжіліс пен мәслихат депутаттарын сайлау - саяси реформаларды жалғастыруы тиіс. Биылғы сайлаудың басты ерекшеліктері қандай? Осыған дейін елімізде 7 мәжіліс сайлауы өтті. Алғашқы үшеуі аралас жүйемен болса, 2007 жылдан бері депутаттар партиялық тізім бойынша сайланып келді. Ал бұл жолғы саяси аламан жаңа тәртіп бойынша өтеді.Яғни Мәжіліс депутаттарының 70 пайызы партиялық тізім арқылы, ал қалған 30 пайызы тікелей сайланады. Облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардағы мәслихаттар сайлауы да аралас үлгімен өтеді. Ал аудан- қалалардағы мәслихат депутаттары толығымен тікелей сайланады. Осылайша ел арасында беделі бар жаңа тұлғалардың саясатқа келуіне жол ашылып отыр. Конституциялық реформа аясында саяси партияларды тіркеу рәсімі жеңілдеді. Оның шегі 4 есе, 20 мыңнан 5 мың адамға азайды. Өңірлердегі өкілдер саны 600-ден 200 адамға төмендеді. Партия құру үшін азаматтардың бастамашыл тобының ең төменгі саны үштен бірге, яғни 1000-нан 700 адамға азайды. Сонымен бірге сайлау бюллетеніне «бәріне қарсымын» деген баған енгізілді. Партиялардың Мәжіліске өтуіне қажетті дауыстың төменгі шегі 7-ден 5 пайызға дейін азайды. Сайлау үдерісіне қоғамның түрлі өкілдерін барынша тарту үшін заңнамаға өзгерістер енгізілді. Мысалы, депутаттық мандаттың 30 пайызын әйелдерге, жастарға және ерекше қажеттілігі бар азаматтарға бөлу заң жүзінде бекітілді. Бұл кезектен тыс сайлау болғанымен, оның өтетін мерзімі жарты жыл бұрын белгілі болды. Былтыр, қыркүйектегі жолдауында Президент Мәжіліс пен Мәслихат сайлауы өтетінін айтты.
Шерхан Жамбыл