АҚШ-та 18-ші ірі банк жабылып қалды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

АҚШ-та 18-ші ірі банк жабылып қалды

13.03.2023

АҚШ-та қаржы дағдарысы қылаң бере бастады. Бүгін елдің ең ірі институттарының бірі - Silicon Valley банкі жабылды. Бұл қор нарығын құлдыратып, инвесторлар арасында үлкен дүрбелең туғызып жатыр дейді осы елдегі меншікті тілшіміз Жалғас Сәдібекұлы.

Екі жүз миллиард доллар активі бар Silicon Valley - Америкадағы он сегізінші ірі банк саналатын. IT және медицина саласындағы жаңа жобаларды қаржыландыратын бірден бір институт болды. Санаулы күн ішінде инвесторлар салымдарын жаппай шығарып алуы салдарынан мемлекеттік реттеуші банкті жабуға мәжбүр болды.

Дин Нелсон, банк клиент:

Бүгін таңертең жағдайды білу үшін келгем. Бірақ банк қызметкерлері шығып бізге банк жабылды дегеннен артық ештеңке айтпады. Мұнда компаниямыздың есеп шоты бар. Қолға алған жобамызды қаржыландырудың процесінде тұр едік. Енді не боларын білмей, алаңдап тұрмыз.

Silicon Valley соңы әлемдік дағдарысқа ұласқан 2008 жылғы ипотекалық дағдарыстан кейін жабылған алғашқы ең ірі банк болып отыр. Сондықтан бұл қаржы жүйесіне әсер етпей қоймады. Халық басқа банктерден де депозиттерін жаппай ала бастады. Салдарынан JP Morgan және Wells Fargo секілді американың төрт ірі банкі бір-ақ күнде елу екі миллиард долларынан айырылды. Қор нарықтары да екі пайыздай құнын жоғалтты. Инвесторлар он бес жыл бұрынғы қаржы дағдарысы қайталана ма деп алаңдап отыр. Ақ үй де шұғыл баспасөз мәслихатын өткізіп, жағдай бақылауда екеніне сендіруге тырысты.

Сесилия Роуз, АҚШ кеңесі экономикалық кеңесшілерінің төрайымы:

Біздің банк жүйеміз 2008 жылы енгізген өзгерістерге байланысты түбегейлі өзгерген. Мысалы, олар көп капитал ұстауы керек, стресс-тесттерден өтеді. Сондықтан біз банктер осындай күйзелістерге төтеп бере алады. Сондықтан мен осы секторда және реттеушілерімізде тиісті шаралар қабылдай алатын қауқар бар деп сенемін.

Десе де осыдан бірер күн бұрын криптавалюта бизнесіне ден қойған тағы бір банк жабылып тынған еді. Сарапшылардың пікірінше, бұған қатаң реттеу шаралары мен федералдық резервтің несие үстемесін тым өсіріп жіберуі себеп болса керек. Енді арада бір апта өтпей жатып, жиырма ірі банктің қатарындағы құрылымның құрдымға кетуі тек қаржы жүйесіне ғана емес, жалпы ел экономикасына соққы болып тиюі ықтимал.

Жалғас Сәдібек


Хабарламаларға жазылу