Апаттан зардап шеккен Түркияға күллі әлемнен құтқарушылар мен дәрігерлерден бөлек, еріктілер, кәсіпкерлер және басқа да қайырымды жандар көмекке ұмтылды. Зілзала болған аймаққа қандай да бір пайдам тиер деген үмітпен талай адам қауіпті болса да осы өңірге келіп жатты. Қазақстандықтардың да осы апаттың зардаптарын жоюға қосқан үлестері орасан.
Жер сілкінген аймаққа ерікті болып келген жастардың бірі - Омар. Стамбул қаласында оқитын студент қазақстандық құтқарушыларға аудармашы болып, үйінді астында қалған адамдарды шығаруға аз да болса септігім тисе деген үмітпен келген.
Омар Айқожа, ерікті:
Құтқарушыларға қандай көмек қолын соза аламын деген ой болды. Мен түрік тілін білгеннен кейін құтқарушылар түрік тілін білмегенннен кейін соларға түрік тілінен көмектесуге келдім. Ыстық тамақтары болсын, шәйлары болсын, біз құтқарушыларға қолымыздан келгенше көмектесуге келдік. Ешқандай қиындық болған жоқ.
Қазақстандық құтқарушылар Газиантеп пен Нұрдағы қалаларында 10 күн бойы күндіз-түні жұмыс істеді. Олардың жатын орындары мен тамағын дайындап, апат орнына арнайы көліктермен барып-келуін қамтамасыз еткен түрік кәсіпкері Искендер, осы арқылы көмекке келген бауырларға ризашылығымды білдіргім келді дейді.
Искендер Каплан, кәсіпкер:
Мен үшін Қазақстанның орны ерекше. Себебі дос елдер көп, ал Қазақстан біздің бауырымыз. Қазақстанның барлық қалаларындағы бауырларымызға өзімнің атынан, елдің атынан ерекше алғысымды білдіремін. Қиын күндерде жанымыздан табылды, бізге үлкен қолдау көрсетті. Сол үшін елшілікке, құтқарушыларға, барлық қазақстандықтарға рахмет!
Апат болған аймақта бірінші күннен бастап Қазақстанның Түркиядағы елшілігі біздің азаматтарды эвакуациялаудан бастап, құтқарушылар қызметін үйлестіруге дейінгі жұмыстарды реттеп отырды.
Нұриддин Аманқұл, Қазақстан Республикасының Түркиядағы елшілігінің кеңесшісі:
Біз дипломат болғандықтан осы құтқару аймағында 7/24 сағат бойы табылдық. Алғашқы күннен бастап. Газиантеп қаласына келген тұңғыш шетелдік миссия болдық. Елшіміздің өзі бастап келген дипломаттар тобы болды. Газиантеп қаласындағы жергілкті билікпен тиімді іс-әрекеттер құрып, біздің құтқарушылардың жұмыстарын уақтылы және сапалы атқарулары үшін керекті жағдайлар жасалды.
Ағайынның қадірін іс түскенде білерсің деген нақыл дәл қазір Түркия халқы үшін өте өзекті. Қиын жағдайда қалған елге қол ұшын созған әр азаматқа түркиялықтардың ризалығы шексіз.
Айдос Әшімұлы