Қазақстандық құтқарушылардың екінші легі елордаға келеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстандық құтқарушылардың екінші легі елордаға келеді

19.02.2023

Қазақстан үкіметі өрт сөндірушілер мен құтқарушылар санын 1 613 адамға арттыру туралы шешімін жариялады. Оған сәйкес, Қазақстанда ТЖМ-нің жаңа әскери бөлімі құрылып отыр. Ол Ақтөбе қаласында орналасады. Штаты - 880 адам. Қазір республика бойынша ТЖМ-нің Шығыс Қазақстан, Алматы және Қарағанды облыстарында үш әскери бөлімі бар. Ал батыс аймақта мұндай көлемді құтқару құрылымы жоқ.

Премьер-министр Әлихан Смайылов қосымша бөлімнің құрылуын көктемгі су тасқыны, жазғы өрт, техногендік сипаттағы оқиғалар кезінде жедел әрекет ету үшін деп түсіндіріп отыр. Түркия мен Сириядағы жойқын жер сілкіністерінің ауыр зардабын да айтқан. 

«Бұл жағдай әр қазақстандықтың қабырғасын қайыстырды. Қаза болғандардың отбасыларына көңіл айтамын, ал Түркия және Сирия халқына осынау қиын-қыстау кезеңде ауызбіршілік пен сабыр тілеймін. Сонымен қатар осындай қиын сәтте бауырлас түрік халқына қол ұшын созып, аса қауіпті жағдайда жұмыс істеп жүрген қазақстандық құтқарушыларға ризашылығымды білдіргім келеді. Бұл оқиғалардың барлығы бізді әртүрлі жағдайларға дайын болу үшін жедел әрекет ету күштерін ұлғайтып, оларды тиісті жабдықтармен қамтамасыз ету ісіне баса көңіл бөлуге мәжбүрлеп отыр», - деп жазған Премьер-Министр Facebook парақшасында.

Иә, Түркия мен Сириядағы жағдай әлемді алаңдатып қана қоймай, қауіпсіздік пен сақтық шараларын күшейтуге түрткі болып жатыр. Соңғы ақпаратқа сәйкес, Түркия мен Сирияда қаза тапқандар саны 50 мыңға таяп қалды. Басым бөлігі Түркияда – 40 мың адам. Ал Сирияда 8,5 мың адам көз жұмған. 2 апта бойы құтқарушылар әр жан үшін арпалысып жатыр. Апат болғаннан кейінгі 2-ші аптада аман қалғандарды табамыз деген үміт аз еді. Бірақ 10,11, тіпті, 13 күннен кейін де құтқарылғандар бар. Мәселен, Хатай провинциясында жер сілкінісінен 13 күн, яғни 296 сағаттан соң 3 адам құтқарылды. Міне, мына видео сол сәттен. Бір топ құтқарушы үйінді астынан шығарып, бірден жедел жәрдемге жеткізген. Бірақ 12 жастағы бала, өкінішке қарай, ауруханада көз жұмыпты. Оның ата-анасы аман. Бірнеше тәулік бойы үйінді астында жатып, аман шығуы, расымен, құдырет те шығар?!

Зілзала болғаннан кейін келесі күні бірден қазақстандық құтқарушылар Түркияға аттанды. 100-ге жуық маман арасында кинологтар мен апаттар медицинасы орталығының дәрігерлері де бар. 12 күнге созылған іздестіру-құтқару жұмыстары нәтижелі болды. Отандастарымыз 250 мың шаршы метрден асатын үйіндіні бөлшектеп ашып, астынан 7 адамды аман-есен алып шықты. Өкінішке қарай, 88 мәйіт шығарылды. Оның 10-ы бала. Күн демей, түн демей, кейде өз басын қауіпке тігіп, қызмет атқарған қазақстандық құтқарушыларды Президент Қасым-Жомарт Тоқаев марапаттау керек деді. Түркияда олар халықтың да, әріптестерінің де алғысына бөленді. 

Құтқарушы Данияр Арғынұлының жары жолдасы Түркияға жеткенде ғана «аман-есен» келдік деп жазғанын айтады. Содан бері телефонға қарауға уақыт та болмады дейді.

Жанар Қаршыбаева, құтқарушының жары:

Жолдасымның іс-сапарға кеткеніне үйреніп қалғанбыз. Екі айлап, үш айлап үйде жоқ болады. Бірақ осы Түркияға кеткенде қатты уайым болды. 10 шақты күн он жылдай болды.  Балаларым да ұйықтамай, қазір бәріміз күтіп алуға келдік.

Гүлнұр Дүйсебаева, құтқарушының әкпесі:

Уайымдаймыз ғой. Әйелі екіқабат болған. Үлкен ұлы менің жанымда. Үйде тағы бір ұлы бар. Жақында 12-ші ақпан күні үшіншісін босанды келіншегі. Аман-есен перзентханадан шығарып алдық. Ол жақтағы халыққа да, шыны керек, жүрегіміз ауырды. Өз бауырларымыз ғой. Құдайға шүкір, бала-шағамыз келеді дегеннен кейін балалардың бәрін жинап алдық. Енді балалар аман-есен түссе, сол бізге қуаныш. 

Ұшақтан –құшаққа. Жақындары оларды «батыр» деп қарсы алып жатыр. Ал құтқарушылар «кәсіби маман ретінде міндетіміз әрі азаматтық парызымыз» дейді.

Смарал Тоқбергенова, ҚР ТЖМ Апаттар медицина орталығының фельдшері:

Барынша түрік халқына көмектесіп, қолымыздан келгенше медициналық және психологиялық көмегімізді көрсетіп келдік.  Отбасымызды сағындық. 

Тағы бір батыр – Джейкоб есімді ит. Ол бірнеше мәйітті анықтап, бір адамның тірі қалуына сеп болған.

Ерік Берлібаев, ҚР ТЖМ Республикалық жедел құтқару жасағының бас құтқарушы-кинологы:

Учаске үлкен болған соң, жан-жақта жұмыс жасадық. Кинология қөмегін әр жерге шақырады. 20 минут, 25 минут істейміз, 10 минут демалады. Негізінде  20 минут жұмыс істеп, 30 минут демалу керек қой.

Владимир Цой, ҚР ТЖМ Республикалық жедел құтқару жасағының жетекшісі:

Үйінді астынан шығарылған адамдардың көзіне қарасаң, барлығын ұмытасың. Бұл көп адамды ойландырды. Өкінішке қарай, мәйіт өте көп. Тәулік бойы еш тынбай, кезек-кезек демалып жұмыс істедік. Дер кезінде жіберген Мемлекет басшысына алғыс айтамыз. Ісіміз нәтижесіз болмады.

Түркиядағы іздестіру-құтқару жұмыстарына Астана, Алматы қалаларынан және Ақмола, Қарағанды облыстарынан құтқарушылар қатысты. Оларды әкелген арнайы борт гуманитарлық көмек тиеп, Түркияға кері аттанды. Қалған отандастарымыз жақын арада елге оралады.


Қуан Нұрақын

Хабарламаларға жазылу