Орталық Азия елдерінің Парламентаралық форумында «Түркістан» декларациясы қабылданды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Орталық Азия елдерінің Парламентаралық форумында «Түркістан» декларациясы қабылданды

10.02.2023

Орталық Азия елдерінің мүддесі мен міндеті ортақ. Сондықтан тығыз ынтымақтастық пен сенімге негізделген диалогты нығайту, сыртқы және ішкі сын-қатерлерге бірлесіп қарсы тұру өңірдің болашағын айқындайтын маңызға ие. Бүгін Түркістанда өткен Орталық Азия Мемлекеттерінің бірінші Парламентаралық форумында бес елдің сенаторлары осы мәселелерді талқыға салды.

Әлемде күрделі геосаяси ахуал қалыптасып, экономикалық өсім тежелген шақта қауіп-қа терге қарсы тұрып, батыл шешім қабылдау аса маңызды. Осы тұрғыда Орталық Азия елдерінің жан-жақты стратегиялық ынтымақтастығын арттыру, оны заң тұрғысында құжат негізінде бекемдеу депутаттарға жүктелген міндет.

Нұртөре Жүсіп, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

Осыған дейін Мемлекет басшылары өзара барыс келіс арқылы келісімдер жасалса, енді сол келісімдерді жүзеге асырудың бағыты қандай, бұған дейін ратификацияланған, қолға алынған құжаттарды қайта бір пысықтап, ескіргендері болса алып тастап, жаңаларын жаңғыртып, осы жұмыс істейтін нақты бір пәрменді құрылым жасауға бағытталған шара ғой.

Форумға қатысушылар мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты кеңейтуге де назар аударды. Одан бөлек, су ресурстарын бірлесіп пайдалану, еркін сауда айналымы ,энергетикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету мен транспорттық инфрақұрылымды дамытудағы ортақ проблемалар талқыланды.

Нұрланбек Шакиев, Қырғызстан жогорку кенешінің төрағасы:

Өңіраралық еркін саудаға тосқауыл болатын тарифтен тыс өзге кедергілерді алып тастауымыз керек. Оның ішінде шекарада тауарлардың негізсіз кедергіге ұшырауын жою маңызды. Орталық Азия елдері заң шығарушы органдарының ынтымақтастығы шекарадан тауар өткізуді жеңілдетіп, уақытты қысқартуға өз септігін тигізеді деп сенемін. Бұл өңірлердің арасындағы сауда айналымының дамуына ықпал етеді.

Жиында Сенат Төрағасы ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Үндеуін жеткізді. Онда Мемлекет басшысы көршілес халықтардың ғасырлар бойы қалыптасқан тығыз әрі достық қарым-қатынасы соңғы жылдарда жаңа деңгейге көтерілгенін атап өткен. Сондай-ақ Мәулен Әшімбаев Орта Азия мемлекеттерінің арасында өзекті мәселелерді шешу мен тәжірибе алмасу үшін платформаның әлеуетін тиімді пайдаланудың мәні зор екеніне тоқталды.

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:

Бізді осындай ортақ тарихпен бірге бүгінгі тығыз қарым-қатынасымыз да байланыстырады. Біздің мемлекеттеріміздің басшыларының екіжақты және көпжақты кездесулерінде де осы мәселелер тұрақты түрде талқыланып келеді. Біз парламентаралық байланыс кезінде осы басымдықты дәйекті түрде ілгерілетуіміз қажет.

Форум соңында бес елдің делегациялары «Түркістан» декларациясын бірауыздан қабылдады. Құжатта экономикалық байланыстарды арттырып, өзінің бірегейлігімен ерекшеленетін Орталық Азияның біртұтас мәдени-тарихи кеңістігін қалыптастыру үшін парламентаралық қатынастарды одан әрі дамыту жолдары көрсетілген.

Айнұр Әбілқасымқызы, Еркін Оразбаев

Хабарламаларға жазылу