Коллекторлық компанияларға жаза күшейтілмек - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Коллекторлық компанияларға жаза күшейтілмек

08.02.2023

Коллекторларға жазаны күшейту бастамасы дау тудырып жатыр. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі қарыз өндірушілерге салынатын айыппұл мөлшерін екі есе көбейтуді көздеп отыр. Өйткені оларға шағымданушылар артқан. Ал күні-түні телефон шалып, мазаны алатын коллекторлардың өзі бұған қатысты не дейді? Қорқытып үркітіп жатса қалай қорғану керек?

Борышкерді жерден алып, жерге салып жатқан коллекторлық компания қызметкері. Ер адамның намысына тиіп, балағаттап, қысым жасау арқылы берешекті өндірмек ойда. Коллекторларға талап күшейтілсе де, клиенттермен осылай сөйлесетіндер азаймай тұр. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің дерегінше соңғы екі жылда мыңға жуық арыз түскен.

Сарбиназ Жарасова, ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі департаментінің басшысы:

Барлық дерлік шағымдар бойынша құжаттамалық тексерулер жүргізілді. Тұтынушылардың құқықтарын қорғау шеңберінде коллекторлық агенттіктерге екі жыл ішінде шамамен 66 миллион теңгеге айыппұл салынды.

Айыппұл салынғанымен айылын жимай тұр. Енді агенттік жазаны тағы күшейтуді көздеп отыр. Яғни коллекторлық этиканы бұзып немесе сот орындаушы, тергеуші болып өтірік қорқытқандарға айыппұл екі есе көбеймек. Қазір тиісті норма дайын.

Оған сай коллекторларға 50-150 АЕК емес, 300 АЕК, яғни миллион теңгеден аса айыппұл салынуы мүмкін.

Ал Ұлттық коллекторлар палатасындағылар айыппұлдың көтерілуіне әрине қарсы. Айтуларынша билік мәселенің салдарымен емес, себебін күресуі керек. Яғни жазаны күшейтпей, халықтың табысын арттырып, қарыздан құтылуға жағдай жасауы керек деген пікірде. Оның үстіне коллекторлардың әр сөзін аңду, қарызын әдейі төлемей жүргендерді тайраңдатып қоюы мүмкін.

Назгүл Естеусізова, Ұлттық коллекторлар палатасының төрайымы:

Ондай дәлелдер өте көп. Коллекторлық агенттік ақшаңызды қайтарыңыз, сотқа дейін реттейік, сізге көмектесеміз десе, өзі провакация тудырып, сен кімсің деп дөрекі сөйлеп, әйтеуір төлемеудің жолын іздеп, бір жерге арыздану керек. Әйтпесе коллекторлар тек сотқа дейінгі реттеумен, графикті жасап бөлік төлеуге көмектеседі.

Ал егер көмек емес, қоқан лоққы көрсетіп жатса қалай қорғану керек?

Әлімжан Жұбатқанов, адвокат:

Ұлттық банкке арыз жазып, әкімшілік кодекспен олардың бәрін жауапкершілікке тарту керек. Қорқытқан жағдайда ішкі істер органдарына арыз түсіру керек. Қорқыту, бопсалау фактілері бойынша арыз түсіріп, сол деректер бойынша қылмыстың құрамы бар жоғы анықталады.

Тағы бір маңызды жайт. Коллекторлар тек таңғы сегізден кешкі тоғызға дейін аптасына үш рет қана қоңырау шалуы тиіс. Қазір азаматтар банктерге 13,9 трлн теңге берешек. Оның 797 миллиарды коллекторлық компанияларға өтіп кеткен. Бұл несиені өндіру кезінде коллекторлар шектен шықса арыздануға болады. Бірақ бұл қарыздан құтқармайды. Кредит қайтуы керек. Өйткені алмақтың да салмағы бар.

Досжан Маратұлы

Хабарламаларға жазылу