Түркияда болған екі қуатты зілзаладан кейін іздеу-құтқару жұмыстары үшінші тәулік бойы үздіксіз жүріп жатыр. Соңғы мәліметтерге сай, апат құрбандарының саны 8 мың 500-ден асты. Жараланғандар 50 мыңға жуықтады. Марқұмдардың саны әлі де өсуі мүмкін. Президент Режеп Тайып Ердоған дүмпу ошағының бірі - Кахраманмараш қаласына барып, жағдайдың бақылауда екенін айтты.
Режеп Тайып Ердоған, Түркия Президенті:
Қазіргі уақытта барлық мемлекеттік мекеме жұмыс істеп жатыр. Жер сілкінісінің бірінші күні қиындықтар болған. Қалған күндері жағдай бақылауға алынды. Азаматтарымыздың далада қалуына жол бермейміз. Халқымыздан тек Төтенше жағдайлар басқармасы таратқан мәлімдемелерге сенуді сұраймыз. Бүгін - бірлік пен ынтымақ уақыты.
Елдің оңтүстік-шығыс бөлігінде екі қуатты дүмпу дүйсенбіде болды. Жер сілкінісі болған аймақта 13 миллион 500 мың халық тұратын 10 провинция орналасқан. Олардың барлығында үш айға төтенше жағдай жарияланды. Қуатты дүмпуден 6400-ден астам үй, мектеп, аурухана құлаған. Әлемнің 70 мемлекеті Түркияға көмек қолын созды.
Арай Төлеген