Тағы да қымбатшылық: Үкімет басшысы облыс, қала басшыларына ахуалды тез арада тұрақтандыруды тапсырды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Тағы да қымбатшылық: Үкімет басшысы облыс, қала басшыларына ахуалды тез арада тұрақтандыруды тапсырды

07.02.2023

Қымбатшылыққа жол бермеу үшін қанша қаржы бөлінсе де, жұмыс нәтижесіз. Бағаның өсуі әлі жалғасып жатыр. Бұл әкімдердің жұмысына салғырт қарауының салдары. Премьер-министр Әлихан Смайылов облыс, қала басшыларына ахуалды тез арада тұрақтандыру үшін тағы да тапсырма берді. Ол аздай теңгенің құнсыздануы әлі жалғасып жатыр. Ол азық-түлікке тікелей әсер етіп отыр. Бір айдың ішінде азық-түлік инфляциясы бір жарым пайызға, ал әлеуметтік маңызы бар тауарлар 1,7 пайызға артқан. Шенеуніктердің ендігі әрекеті қалай болмақ? Әріптесім Асылбек Данияр тарқатып айтады.

Бүгін министрлер ұйқысынан ерте оянған сияқты. Әдетте отырыс басталуға таяп қалғанда келетін шенеуніктер жарты сағатқа ерте келді. Бірден баяндамаларын оқып, қайталауға кірісті.

Үкімет басшысының қабағы қатулы. Орынбасары әрі сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин әкімдердің бағаны, оның ішінде азық-түлік құны қымбаттауының алдын ала алмай отырғанын жеткізді. Қазір инфляция ай сайын емес, апта сайын өсіп жатыр деді. Әсіресе, Маңғыстау, Ұлытау облысы мен Астана қаласында. Бірі - әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасын тұрақтандыру тетіктерін іске асыруға көзделген қаржыны пайдалана алмай отыр. Енді бірі делдалдармен күресудің жолын таппаған. Ведомство басшысы жұмысты «қанағаттанарлықсыз» деп бағалады.

СЕРІК ЖҰМАНҒАРИН, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ, САУДА ЖӘНЕ ИНТЕГРАЦИЯ МИНИСТРІ:

Маңғыстау облысы бағаның өсуі бойынша көшбасшы болып табылады. «Каспий» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы көкөністерді жеткізуге жасаған 5 қолданыстағы шарттың тек біреуі ғана өндірушімен жасалған, қалған 4 шарт көтерме саудагерлермен жасалған. Астана қаласында «айналым схемасы» тетігі бойынша қаржыландырудың бөлінген сомасы 14 миллард теңгені құрайды, бірақ өңір 2022 жылдың қорытындысы бойынша да, ағымдағы жылдың басынан бері де бағаның өсуі бойынша көшбасшылар үштігінде қалып отыр.

Әкімдер жұмыс істеуге құлықсыз. Оған мысал - пияздың қымбаттауы. Өйткені Үкімет басшысы аймақ басшыларына пияз бойынша келісімшарт жасауды тапсырған. Бірақ, олар өнім көлемі жеткілікті деп бірнеше рет есеп берді. Қазір келісі – 400 теңге.

ӘЛИХАН СМАЙЫЛОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:

Біздің міндетіміз – 2023 жылдың қорытындысы бойынша инфляцияның деңгейін 9,5 пайыздан асырмау. Бұған қол жеткізуге әбден болады. Тек бұл үшін барлық өңірлердің азық-түлік бағасын тұрақтандыру, әсіресе маусымаралық кезеңде бағаны ұстап тұру бойынша белсенді жұмысы қажет. Сіздерде қажетті құралдардың бәрі бар.

Халық арасында дүрбелең. Пияз тапшы, бағасы да арзан емес. Ауыл шаруашылығы қалыптасқан ахуалды былай түсіндірді.

ЕРБОЛ ҚАРАШӨКЕЕВ , ҚР АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ МИНИСТРІ:

Магнум, Смолл желілерінде пияздың бағасы 340 – 400 теңге. Пияз нарығындағы жағдайды бақылап отырмыз. Өткен жылы елімізге 1,5 миллион тонна пияз әкелінді. Оның 1 миллион 100 мыңы Жамбыл облысына жеткізілді. Кейін пияз экспорттаушы Пәкістандағы табиғи құбылыстардың салдарынан пияз жеткізу көлемі азайды. Көршіміз Өзбекстанда да пиязға сұраныс артты. Осы жағдайларды ескере отырып, біз пияз экспортына уақытша шектеу қойдық. Жақын арада мәселе реттеледі. Елімізде пияз бар. Статистикаға сүйенсек, ақпанның басында, Астанада пияздың келісі 190 - 210 теңге болды.

Ал Ұлттық статистика бюросы бұдан бұлек инфляцияны есептеуде фискалдық чек мәліметтері қолданылады, деді. Қазір жаңа модель әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларында қолданылып жатыр. Премьер-Министр барлық аудандарды қамти отырып, тұрақты жәрмеңкелер өткізуді тапсырды. Сонымен бірге, форвардтық сатып алу шартының бірыңғай форматын әзірлеу қажеттігін атап өтті. Премьер министрден ескерту! Атқамінерлер жұмысқа тағы да немқұрайлы қарап, нәтиже болмаса, тиісті шешімдер қабылданады.

Асылбек Данияр


Хабарламаларға жазылу