Қазақстанда көкөніс қымбаттауы мүмкін - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстанда көкөніс қымбаттауы мүмкін

29.01.2023

Қазақстанда көкөніс қымбаттауы мүмкін. Пияз, қияр, орамжапырақ пен қызанақ құны өседі деген жағымсыз болжам бар. Ауыл шаруашылық министрлігі өсім инфляция деңгейінен, яғни 4-5 пайыздан аспайды деп үміттеніп отыр. Ал сарапшылар есебі, әдеттегідей ресмиден өзгеше.

Кейбір экономистер, тіпті көкөніс бағасы 15-20 пайызға артады, - деп отыр. Осы аптада пияз экспортына шектеу қойылғаны белгілі. Өйткені көрші мемлекеттерде оған сұраныс артып, бағасы өсіп жатыр. Өзбекстанда пияз келісі 350, Ресейде 500 теңгеге жеткен. Ал Қазақстандағы орташа баға 170 теңге. Нарық заңдылығына сәйкес, кәсіпкерлер өнімін неғұрлым қымбат сатқысы келеді.

Сондықтан Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғариннің айтуынша, пияз экспортына қойылған шектеу мұның алдын-алуы тиіс. Дегенмен сәл қымбаттауы мүмкін екенін де жоққа шығармады.

«Бізге айына 30 мың тоннадай пияз қажет. Үш айда – 90 мың тонна. Тәжірибеге сүйенсек, бұл уақыт аралығында пияздың қалай шығарылғанын анықтай алмай қалуымыз мүмкін. Ол Қазақстаннан көлеңкелі жолмен де шығарылуы мүмкін деген күдік бар. Сондықтан Қазақстанның Шекара қызметі, Мемлекеттік кірістер комитеті басшыларымен тікелей сөйлесіп, бұл жағдайды назарымызға алдық», - деді Сауда және интеграция министрі.

Министр отандық пияз сәуірге дейін жететінін айтты. Ал ары қарай импорттық тауарды тұтынуға тура келеді. Пияз тапшылығы болмас үшін Тәжікстанмен келісім жасалған екен. Ерте піскен пияздың 3 мың тоннасы сол елден тасымалданады. Жалпы Қазақстанның сырттан әкелінетін көкөніске тәуелділігі жылдан-жылға артып барады.

Мәселен былтыр баялдының импорты экспорттан шамамен 40 есе, бұрыш -20, ал шетелден әкелінген орамжапырақ 12 есе артық болған. Былтыр көкөністің әжептеуір қымбаттағаны да байқалады. 1 жылда көкөніс құны 19,2 пайызға өскен. Әсіресе Алматы облысында күрт қымбаттаған, бір жылда 32,2%-ға.

Түркістан облысында көкөніс бағасы 30,3%, Ұлытау облысында 27,1% өскен. 20 өңірдің ішінде көкөніс тек Павлодар облысында сәл арзандаған. Нақты қай көкөніс қымбаттағанына тоқталсақ, қияр бағасы шамамен 48 пайызға өсіп, бір келісі 931 теңгеге дейін барған. Пияз - 40,6%, 124 тг. Қызанақ - 22,2%, 764 тг. Себебін «Апта» үшін арнайы сұхбат берген сарапшы былай түсіндіреді:

Жанболат Тәуел, ауыл шаруашылығы компаниясының жетекшісі:

Бұлардың бағалары соңғы 2-3 ай көлемінде өте қатты көтерілді, алдағы уақытта одан да қатты көтерілу қаупі бар. Басты себебі пияз, орамжапырақ, қияр, қызанақ деген күнделікті пайдаланатын көкөністер – ұзақ уақыт сақтауда өте көп күтімді қажет етеді. Үнемі бірқалыпты температураны ұстап тұру керек. Осы себептен біз ол пиязды көп алғанмен, біз оны сақтай алмағандықтан, бізде қазір оның қоры аз. Пияздың 70-80 пайызы бізде оңтүстік өңірлерде Тараз, Шымкент сияқты қысы жұмсақ өңірлерде сақталатын және ашық түрде сақталатын. Беті ғана жабылып. Арнайы қойма жоқ. Сонымен ол көктемге дейін сақталатын. Қазір енді соңғы 30-40 жылда болмаған суық болды. Осының әсерінен дұрыс жабдықталмаған қоймалардағы пияздардың қоры төмендеп кетті. Осы себептен бағаның көтерілуі заңды.

Өткен аптада Түркістан облысында жылыжайларда көкөніс өсірумен айналысып, күн көріп жүрген кәсіпкерлердің қазіргі жағдайын көрсеттік. Көмір жетпей, өнімсіз қалған шаруалар шығынға батты. Үсіп қалған көкөністі кәсіпкерлер қоқысқа лақтыруға мәжбүр. Бұл жағдайдан соң аяққа тұра алмағаны банкрот болады. Ал қалғаны шығынын сәл болсын жабу үшін көкөніс құнын өсіреді. Биыл Өзбекстан мен Тәжікстанда да қыс қатты болды. Қазақстанға көкөністің басым бөлігі осы елдерден әкелінетінін ескерсек, сарапшылардың тапшылық пен қымбатшылық туралы айта бастауы негізсіз емес. Өйткені тапшылықтың әдетте бағаға қатты әсер ететінін былтыр қанттан байқадық. Көкөніс бойынша жағдайды реттеу үшін сарапшының қандай ұсынысы бар?

Альбина Әшім

Хабарламаларға жазылу