Қазақстанда шетелдік автокөліктерді заңдастыру басталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстанда шетелдік автокөліктерді заңдастыру басталды

29.01.2023

Осы аптада Қазақстанда шетелдік автокөліктерді заңдастыру басталды. Дүйсенбіден бері 5 мыңнан астам адам қазақстандық нөмір алып та үлгерді. Шетелде тіркелген көлігі барлар алдымен электронды үкімет порталы арқылы немесе мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталықтарында өтініш жазуы керек. Сосын көлік туралы ақпарат мемлекеттік органдардың және тіркелген елдердегі базалар арқылы тексеруден өтеді. Осының бәріне шамамен 30 минуттай уақыт кетеді екен. Тек терең тексерісті қажет ететін жағдайларда ұзақ күту қажет болады,-дейді мамандар. Мәселесі шешілмей сергелдеңге түсіп жатқандар да жоқ емес.

Бауыржан Тоғжұманов, Астана қаласы полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасының бөлім бастығы:

Қандай да бір шектеулер болса азаматқа хабарлама келеді. Яғни ішкі істер органы қызметкерлеріне жүгіну керек. Не болмаса басқа да мекемелерге жүгіну керек. Яғни ол кедендік органдарға.

Ішкі істер министрлігі бұған дейін Қазақстанда 300 мыңнан астам шетелдік көлік жүр деп ақпарат таратқан. Бұл сақтандыру полюстерінің базасынан алынған статистика. Сондықтан нақты дерек емес. Басым бөлігі Ресейден - 260 мың. 25 мыңнан астам көлік Қырғыз Республикасынан кіргізілсе, 18 мыңы Арменияның мемлекеттік нөмірін тағып жүр. Осы көлік иелерінде сұрақ көп. Шектеуі бар, кедендік тазартудан өтпеген немесе немесе өзге елде әлі де тіркеуде тұрған көлік иелері не істейді? 

Науқанның алғашқы күнінен-ақ елдегі барлықхалыққа қызмет көрсету орталығында ұзын-сонар кезек. Барлығы көлігін заңдастырудан дәмелі. Дегенмен әр көлік тыңғылықты тексеруден өткен соң ғана қазақстандық нөмір таға алады.

Шарттары әуелден белгілі. Кедендік тазартудан өткен, іздеуде, кепілде жоқ, әкелінген ел тіркеуінен шыққан және Қазақстанға 2022 жылдың 1 қыркүйегіне дейін кіргізілген болуы керек.

Автокөліктердің басым бөлігі Қазақстанда қолдан қолға өтіп, бірнеше адамның меншігі болып үлгерген. Қазір мініп жүрген адам құжат бойынша иесін танымайды, байланыса да алмайды. Мәселен Данияр Жұмаділов өтінішті онлайн берген. Көлігі таза. Шанақ нөмірін де тексертті. Соңғы сатыда Армениядан тіркеуден шығаруыңыз керек деп қайтарыпты.

Данияр Жұмаділов, Астана қаласының тұрғыны:

ГАИ қызметкеріне келіп едім, ол айтады Армениядан тіркеуден шығарып кел дейді. Ал мен енді қандай жағдайда мына кісіні танымаймын. Өзім осыдан 1 жыл бұрын алғам. Ол жақта істеп бере ме, бермей мен біз оны білмейміз ғой. Жарайды бардық дегеннің өзінде істемесе. Біз сені танымаймыз. Сен менен алған жоқсың. Қандай жағдаймен бізге береді ол.

Шетелдегі иесін тапқан күннің өзінде құжат қиындықсыз рәсімделетініне күмән бар. Көршілес Республика азаматтарының арасында Қазақстанда бір реттік науқанның басталғанын естіп, пайда табу жолына кіріскендері де бар. Мәселен алматылық Ерзат Тұрғымбаев 1 жыл бұрын Қырғыз Республикасынан көлік мініп келген. Науқанды пайдаланып, тұрақты тіркеуге қоймақшы еді, көлік иесі былай жауап берген.

Ерзат Тұрғымбаев, Алматы қаласының тұрғыны:

Иесіне хабарлассам, Қырғызстандағы ол менен 500 доллар сұрап тұр. Оның өзінде кепіл жоқ мен барған кезде шығарып бере ме шығарып бермей ме? Машинаның түрі көрініп тұр ғой. Төбесінде багажы бар. Жұмыс істеймін. Өзім стройкада істеймін. Осы машинамен күн көріп отырмын. Артын қазір аш десең, ашып берем инструменттердің бәрі толып тұр багажында мысалы.

Құрылысшы көлігін құрал сайман тасуға пайдаланады. Асыраушымыз да осы дейді. Дегенмен Сақтандыру полюсын негізге алып, тіркеуге қою заңға қайшы. Болашақта өзге елдегі иесі халықаралық іздеуге берсе, сұрау тіркеген адамнан ғана емес мемлекеттен де болады. Қазір көп жүргізуші тіркеуден онлайн шығару жолын қарастыруды сұрап отыр. Ол үшін үкіметаралық келісім жасалуы керек. Оның үстіне көршілес елдердің цифрландырылу деңгейі Қазақстандағыдай емес. Өз ішінде де көлікті онлайн рәсімдеу мүмкіндігі жоқ. Алайда бұл мәселе осымен жабылды деген сөз емес. Қазақстан тарапы мәселені шешу жолдарын әлі де қарастырып жатыр.

Бауыржан Тоғжұманов, Астана қаласы полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасының бөлім бастығы:

Қазір екі ел арасында Ішкі істер министрлігімен жұмыс атқарылуда. Онлайн тіркеуден шығару бойынша жұмыс атқарылуда. Әзірше әрбір азамат өзі барып тіркеуден шығаруы керек.

Тағы бір жағдайға тоқталайық. Есләм Мамырайымов көлігін тіркеу үшін Астанаға 140 шақырым жердегі ауылдан келген. Құжаттары толық. Сонда да тіркеу әзірге мүмкін болмай тұр.

Есләм Мамырайымов, Ақмола облысының тұрғыны:

Үшінші күн бүгін. Неге тексерді. Дайын емес әлі. Бұл программа. Сонымен күтіңіздер дейді. Күтіп отырмыз. Бәрі бар. Негізінде. 4 ереже бізге айтты ғой сол төртеуі де бар.

Яғни ақпараттық базаны әлі де жетілдіре түсу керек.

Алтынбек Жамалиев, ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің аға инспекторы:

Ақпараттық база жаңадан жасалған, өздеріңіз білесіздер. Оны барлығына мәлімдегенбіз. Соның ішінде үлкен жұмыстар жасалып жатыр. Кейбір жерлерде ақпараттық базалар ақау берген жағдайда қателіктер көрсетіп жатады. Сондықтан біз оны қайтадан жаңартып, өтініші бойынша азаматтың қайтадан базаға тіркеуге өтініш беруіңіз қажет деп ақпарат беріп жатырмыз.

Ал өтініші мақұлданып құжат тазалығы расталған көліктер криминалистердің тексеруіне жіберіледі.

Оңғар Алпысбайұлы, тілші:

Құжаттары қабылданған көліктің соңғы әрі ең негізгі тексерілетін жері осы. Көліктердің шанақ нөмірі ауыстырылған жоқ па? Егіз көліктердің бірі емес пе? Жалпы Қазақстанға қылмыстық жолмен кірген жоқ па деген сауалдарға жауап осы жерде беріледі. Мәселен, мына көліктің шанақ нөміріне қатысты біраз күмән туындаған. Ол ауыстырылуы мүмкін дейді. Қазір алдын ала сараптама жасалған. Бірақ бұл көлікті алдағы уақытта негізгі сараптамаға жібереміз. Айып тұрағына тоғытамыз деп отыр.

Тіркеудің алғашқы 4 күнінде-ақ Елордада 3 көлік соңғы тексеруден өтпей қалды. Оларға тәуелсіз сараптама жүргізіледі. Содан кейін ғана көліктің тағдыры шешіледі. Енді көпшілік толық түсінбей жүрген кедендік тазарту мәселесіне тоқталайық. Еуразиялық экономикалық одақтан тыс, үшінші елден жеткізілген көліктерді де тіркеуге болады.

Бауыржан Тоғжұманов, Астана қаласы полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасының бөлім бастығы:

1 қыркүйек 2022 жылға дейін кірген автокөлік болатын болса ол азамат кедендік органға барып, барлық бажын төлейді. Содан кейін заңды тіркеуге қояды.

Кедендік төлемнің көлемі әр көлік үшін бөлек есептеледі.

Айнұр Сартаева, ҚР Қаржы министрлігі мемлекеттік кірістер комитетінің ресми өкілі:

Шетелден сол автокөлікті қанша теңгеге сатып алғаны немесе долларға сатып алғаны жөнінде барлық құжаттарды тіркеп, банктік құжаттарын, инвойс барлығын тіркеу керек. Сонда сол сатып алған кедендік құнына байланысты әрі қарай оның кедендік төлемдері де анықталады. Орта есеппен алғанда ондай кедендік төлемдер сатып алған бағадан 25-27 процентті орта есеппен құрайды.

Қырғыз Республикасына 2014 және 2020 жылдар аралығында жеткізілген көліктер кедендік төлемдерді жеңілдікпен төлегені белгілі. Алайда осы науқан арасында олар кедендік старндарттар айырмасын төлеуге міндеттеліп жатқан жоқ. Сондай-ақ Ішкі істер министрлігі бір реттік шетелдік көліктерді тіркеу 1 шілдеге дейін жалғасатынын, қазіргі мәселелер көп ұзамай толық шешілетінін ескертіп отыр.

Оңғар Алпысбайұлы


Хабарламаларға жазылу