Алматы облысында қаңғыбас иттер тұрғындардың құтын қашырды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматы облысында қаңғыбас иттер тұрғындардың құтын қашырды

25.01.2023

Алматы облысында қаңғыбас иттер тұрғындардың құтын қашырды. Иесіз жануарлар, бірінші кезекте балаларымыз үшін қауіп төндіріп отыр, - дейді үрейлі халық. Тіпті қораға кіріп кетіп, малымызды қырып жатыр дейді. Бұл жағдаймен жергілікті билік қалай күресіп жатыр?

Қарасай ауданына қарасты Көкөзек ауылының тұрғындары қаңғыбас иттер қаптап жүргенін айтып, шағымданып отыр. Ата-аналар сабаққа, балабақшаға баратын балалары үшін уайымдайды. Тіпті ересектердің өзі көшеде емін-еркін жүре алмайтын хәлге жеткен. Жауапты органдар бұл мәселеге қатысты айтарлықтай шара қолданбай отыр,-дейді ауыл халқы.

Меруерт Өсер, ауыл тұрғыны:

Балаларды қуалайды. Таңертең шығарып саламыз мына жаққа дейін. Түсте шығарып саламыз мына жаққа дейін. Ит деген енді, айтарға сөзім жоқ.

Алмагүл Айтишева, ауыл тұрғыны:

Адамнан иттер көп десек қателеспейміз біз. Осы иттерге бір шара болса екен.

Аш иттер қорадағы малға да шаба бастаған. Осыдан бірнеше күн бұрын ауыл тұрғынының ондаған қойын талап тастаған.

Жергілікті әкімдіктегілер тұрғындардың шағымынан соң, Көкөзек ауылына бірнеше рет барып, 20 шақты итті аулаған. Айтуларынша, бұралқы иттерден бөлек, иесі барлар да бостандықта жүретін көрінеді.

Біржан Махатов, Қарасай ауданы Елтай ауылдық округінің әкімі:

Түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Өйткені келешекте ол байланбаса, басқа адамды қапса, иесіне айыппұл салынады. Біздің ауылдық округке 9 ауыл кіреді. Тоғыз ауылдың барлық жағында, қай жақта иттер бар деген кезде аудандық ветеренария станциясын шақырамыз. Сол жерге жіберіледі.

Әкімдіктегілер аталмыш жағдаймен күресу үшін халық көбірек шағым жазу қажеттігін айтады. Сонда ғана аудан бюджетінен ветеренариялық қызметтерге қаржы бөлініп, арнайы мамандар қаңғыбас иттерді аулайды.

Фариза Мұсақызы


Хабарламаларға жазылу