Каспий қатып, тұрғындар сусыз қалды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Каспий қатып, тұрғындар сусыз қалды

22.01.2023

Кәсіпкер Меристан Гамидова кондитерлік цехының 10 күннен бері сусыз қалғанына шағымданды. Тіршілік нәрі болмаған соң, ғимаратта жылу да өшкен. Соның салдарынан 35 адам еңбек ететін цехтың жұмысы бірнеше күнге тоқтап қалды.

Меристан Гамидова, кәсіпкер:

Көлікпен су таситындар бағаны бірден көтеріп жіберді. Алғашында 15 мың, кейін 12 мың теңге болды. Су түттірмейді ғой, жұмысшылар да үйлерінен су тасып көмектесті. Дүкендерге келісім шарт бойынша өнім жеткізуге міндеттіміз. Сол уәдемізге тұра алмай қиналдық.

Альберт Селимханов та көлік жуу орталығының қызметін уақытша тоқтатқан. Бірақ, ауруханалардың төсек-орындарын жуу орталығы жұмыс істеп тұр. Кәсіпкер ол үшін 150 мың теңгеге су сатып алған.

Альберт Селимханов, кәсіпкер:

Көлік жуатын орталық он күн бойы жұмыс істеген жоқ. Қаншама тұтынушыдан айрылдым. Қарамағымда 6-7 адам бар. Олардың еңбек ақысын беруім керек.

Кәсіпкерлік нысандардың сусыз қалуына, «МАЭК» коммуналдық кәсіпорнының ТЭЦ-1 және ТЭЦ-2 арналарындағы судың аяздан қатып қалуы себеп болды. Каспий теңізінің суы осы арналарда жиналып, ары қарай зауыттағы су тұщыту қондырғыларына жіберілетін. Мәселе туындаған кезде комбинат басшылығы шұғыл шараларды қабылдап, мұзды ерітуге кірісті. Ол үшін арналарға ыстық су құйылды. Оған 14 арнайы көлік жұмылдырылды.

Алексей Смоленский, «МАЭК» ЖШС жөндеу және пайдалану департаментінің директоры:

Ыстық су жіберу арқылы мұзды ерітіп, су көлемін көбейту жұмыстары жүріп жатыр. Таңертен арнадағы судың деңгейі небәрі жарты метр болған. Қазір екі метрге көтерілді. Негізгі себеп, Каспий теңіздің тартылуы. Су деңгейінің түсуі, бүкіл комбинаттың технологиялық процесіне кері әсер етеді.

Мәселе өзекті. Онсыз да 80 пайыз тозып тұрған зауытқа енді теңіз деңгейінің түсуі де айтарлықтай әсер етпек. Ал, көк айдын расында да тартылып барады. Мамандардың бақылауы бойынша, Каспийдің суы соңғы 5 жылда 70 см-ге төмендеген. Ал, соңғы 15 жылда 2 метрге азайды.

Ақтаулықтар тұзсыздандырылған теңіз суын тұтынады. «МАЭК» энерго комбинаты тәулігіне 52 мың текше метр су өндіріп отыр. Бірақ, бұл қала тұрғындарына аздық етуде. Әсіресе, жаз айларында тапшылық қатты сезіледі. Кейбір шағын аудандарда айлап су болмай қалады. Ал, қысымның төмендігінен, көптеген тұрғын үйдің жоғары қабатындағы пәтерлерге су жетпейді.

Мәселе қазір де бар. Мысалы, 5-шағын аудан 1- үйде өткен демалыста 2 күн қатарынан ауыз су болмай қалған. Тұрғындар коммуналдық мекемелердің табалдырығын тоздырғанымен, себебін анықтай алмапты.

Наталья Воронкина, Ақтау қаласының тұрғыны:

ЖЭК кінәні «МАЭК»-ке жабады, ал «МАЭК» суды ЖЭК-тен сұраңдар деді. Осылайша. 300-ге жуық пәтерде екі күн қатарынан су болған жоқ. Жаңа жылды да сусыз қарсы алғанбыз. Ал, үш ай жазда күндіз мүлдем ауыз су болған емес. Тек түнде сыздықтап ағады. Сол кезде ғана үйдің тірлігін жасаймыз.

Ақгүл Қарамұрзиева, Ақтау қаласының тұрғыны:

Үнемі осылай, мен үш жыл болды, үш жылдан бері осылай. Казір мына «МАЭК» осындай проблема болғасын тіпті қиналдық. Кілең ыссы су мұздай суды жіберсең, суға түсу дегенді ұмыттық. Түнде түсеміз суға, су жоқ, су жоқ.

Ақтауда ауыз су тапшылығының басты себебі – қаланың үлкейіп, тұрғындар санының өсуі. Шаһар 2013-жылдан бастап солтүстік бағытқа қарай қарқынды дамып жатыр. Жаңадан 18 шағын аудан бой көтерді. Былтыр 654 мың шаршы метр тұрғын үй тапсырылған. Статистика басқармасының мәліметінше, осы уақыт аралығында яғни, соңғы 10 жылда Ақтауда халық саны 50 пайызға өсіп, 260 мың адамға жеткен.

Римма Утюшева, Статистика департаментінің басшысы:

10 жыл қатарынан жылына 6 мың нәресте өмірге келді. Шамамен 1200-дей адам қаза тапты. Міне, өлім мен туу арасындағы айырмашылық, бұл халықтың табиғи өсімі. Тұрғындар санының өсуіне көші-қон процесі де айтарлықтай әсер етті.

Қала одан әрі дами бермек. Тағы 17 жаңа шағын аудан салынады. Қазір 3 еуінің құрылысы басталды. Ақшұқыр ауылына дейінгі бос аумақты түгелдей игеру жоспарда. Ол үшін, әкімдік тарапынан жобалар жасақталмақ.

Жамбыл Ерболғанов, Ақтау қалалық жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы бөлімінің маманы:

Қазіргі таңда біздің қолымызда жаңа 17 шағын ауданның егжей тегжейлі жоспарлау жобасы бар. Бұл шағын аудандарда қалаға келетін болсақ, су мәселесі өзекті мәселе. Сол аталған мәселенің шешімін табу мақсатында, бүгінгі таңда Ақшұқыр елді мекені мен Ақтау қаласы аралығынан жаңа су тұщыту зауытының құрылысы салынып жатыр.

Тәулігіне 20 мың текше метр ауыз су өндіретін зауыттың бірінші кезеңі, биыл іске қосылмақ. Алғашында 5 мың, жыл соңына дейін 10 мың текше метр су тұщыту көзделген. Ал, келесі жылы толықтай жұмысқа кірісуі тиіс Бұған қоса, тағы бір зауыт «МАЭК» энерго комбинатының аумағында салынады. Онда тәулігіне 24 мың текше метр су тұщытылатын болады. Қазір жобалық сметалық құжаты мемлекеттік сараптамада. Құрылыс жұмыстарын биыл бастау көзделген.

Нұрлан Орынбасаров, облыстық энергетика және түкш басқармасы басшысының орынбасары:

«МАЭК» қазіргі таңда 52 мың текше метр су өндіріп отыр. Бұл қазіргі таңда жаз айларында қалаға беру көлемі жеткіліксіз болып отыр. Жалпы 20 мың текше метрге жетіспеушілік бар. Сол себепті осы 2 зауытты салғаннан кейін, толықтай бұл жаңағы тапшылықты жабатын болады.

Ақтауда сумен және жылумен қамтитын жалғыз «МАЭК» энерго комбинатын қайта жаңғыртудан өткізу - қазір ең күрделі мәселе болып отыр. Өйткені, кәсіпорындағы қондырғылардың 80 пайыздан астамы ескірген. Оларды жаңарту үшін, үлкен көлемде қаражат қажет.

Ерболат Ибрагимов, «МАЭК» ЖШС жаңғырту жөніндегі департаменттің директоры:

Негізгі жабдықтардың тозуы жоғары. Сондықтан да облыс әкімінің тапсырмасымен жаңғырту бойынша жұмыс тобы құрылған. Сол жұмыс тобының бүгін бірінші кіріспе отырысы өтті. Нақты тапсырмалар берілді жұмыс тобына.

Облыс бойынша ауыл аймақтарда да ауыз су тапшы. Әсіресе, халық саны көп, Мұнайлы ауданы мен Жаңаөзен қаласында су жетпейді. Мәселен, былтыр жаз айларында Жаңаөзенде ауыз су кестемен берілді.

Нұрлан Орынбасаров, облыстық энергетика және түкш басқармасы басшысының орынбасары:

Жаңаөзен қаласын толық қамту үшін, Кендірлі су тұщыту зауытының құрылысын екінші жарты жылдықта бастау көзделіп отыр. Тәулігіне 50 мың текше метр су шығаратын болады. 2024-тің аяғына дейін Мемлекет басшысының тапсырмасына сай аяқтап беру керек.

Одан бөлек, Каспий су тұщыту зауытының қуаты 20 мың текше метрден 40 мыңға жеткізілмек. Қазір, соның құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Бүгінгі таңда зауыт Мұнайлы ауданы мен Құрық ауылын ауыз сумен қамтиды. Ал, қуаты артқан кезде Ақтаудың маңындағы елді мекендер мен Ақшұқыр, Сайын Шапағатов ауылдарын сумен қамтамасыз етпек. Тағы бір жоба Форт Шевченко қаласында жүзеге асады. Онда тәулігіне 5 мың текше метр су өндіретін қондырғы салынады. Құрылысты биыл бастау үшін, республикалық бюджеттен 4 млрд теңге бөлінген.

Аягөз Оралбайқызы, тілші:

Жалпы өңірде ауыз су тапшылығын жою үшін, барлығы 9 жоба жүзеге асады. Қазір кейбірінің құрылысы жүріп жатыр. Зауыттардың барлығы да теңіз суын тұщытады. Осы тұста тағы бір мәселе туындауы әбден мүмкін. Егер Каспий теңізі дәл осындай қарқынмен тартыла берсе, не болмақ? Ендеше, судың да сұрауы бар деп, үнемдейік.


Хабарламаларға жазылу