АҚШ-та жасанды түсікке қарсы шеру өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

АҚШ-та жасанды түсікке қарсы шеру өтті

21.01.2023

Өмір үшін марш. АҚШ астанасы Вашингтонда жасанды түсік жасатуға тиым салуды қолдайтындар жалпы ұлттық шеру өктізді. Себебі жыл сайын миллиондаған бейкүнә сәбидің өмірі емханаларда қиылып жатыр дейді белсенділер. Жалпы Америка қоғамын екіге жарған аборт мәселесі әлі ушығып тұр.

Жалғас Сәдібекұлы, тілші:

Мыңдаған адамның басын қосқан марш жыл сайын өткізіледі. Биыл елуінші рет ұйымдастырылып отыр. Бірақ, бұл жолғысы өзгерек. Бұған дейін мұндай митингтер жасанды түсік жасатуға құқық беретін заңға қарсы өткізіліп келсе, биыл бұл заңның күші жойылды. Сондықтан бұл шеру абортқа тиым салуды қолдайтындардың жеңіс маршы іспетті.

1973 жылы қабылданған арнайы заң ел бойынша әйелдерге бойындағы баланы жеті айға толғанға дейін жасанды түсік арқылы алдырып тастауға құқық беріп келді. Бірақ, арада елу жыл өткенде Жоғарғы сот шешімін өзгертіп, билікті әл штаттың өзіне берді. Нәтижесінде қазірдің өзінде консервативтік, яғни дәстүрлі, әлеуметтік және діни ұстанымдағы ондаған штат жасанды түсік жасатуға тиым салды.

- Көптеген бала осы кезге дейін үкіметтің қолдауымен, дәрігерлердің қолымен өлтірілді. Менің бес балам бар және балалы болу керемет дер едім.

- 1973 жылы жасанды түсік жасауға рұқсат етілген заң қабылданғаннан кейін екі айдан соң дүниеге келдім. Өзімді бақытты адаммын деп санаймын. Ата-анам өмірімді сақтап қалды. Бірақ, сол жылы қаншама қатарластарым аборт құрбаны болды.

Десе де демократтар басқаратын штаттар жасанды түсікке тиым салған жоқ. Сондықтан әйелдер осы өңірлерге келіп, жүктілігін үзуге кіріскен. Нәтижесінде аборт туризмі деген термин пайда болды. Тіпті үкімет жасанды түсікке әкелетін дәріні дәріханаларда еркін сатуға рұқсат беріп тастады.

Жалпы абортты таңдайтындардың 75 пайызының басқа штаттарға баруға жағдайы жоқ,-дейді сарапшылар. Бұл сайып келгенде өз бетінше іштегі шаранадан құтылуға ұмтылатындардың санын көбейтіп, ізі қайғылы жағдайларға душар етуі мүмкін.

Янте Метцгер, Американың ата-ана болуды жоспарлау федерациясының өкілі:

Дәл қазір 18 штатта жасанды түсікке тыйым салынды, не қатаң шектеді. Демек бүкіл ел бойынша репродуктивті жастағы әйелдердің үштен бірі өз штаттарында аборт жасата алмайды, бұл шын мәнінде қиын жағдай.

Жалпы халықтың алпыс пайыздан астамы жасанды түсікке тиым салынбауы керек деп санайды. Бұл біздің конституциялық құқымыз деп дабыл қаққан әйелдер жағының күзде өткен Конгрестің аралық сайлауында жаппай демократ депутаттарды қолдап дауыс бергені де содан.

Ал арнайы заң жұмыс істеген елу жыл ішінде АҚШ-та 60 млн шарана жасанды түсік құрбаны болды. Былтырдың өзінде миллионға жуық аборт жасалған.

Жалғас Сәдібекұлы


Хабарламаларға жазылу