Мемлекет басшысы Парламент Мәжілісін тарату және мәслихаттардың өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы Жарлықтарға қол қойды.
Мәжілістің кезектен тыс сайлауы 19 наурызда өтеді. Барлық деңгейдегі мәслихаттардың сайлауын Орталық сайлау комиссиясы белгілейді. Мәжіліс депутаттарының 70 пайызы партиялық тізім арқылы, ал қалған 30 пайызы бір мандатты округтерден сайланады. Облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардағы мәслихат депутаттары да, аралас жүйе бойынша сайланады. Депутаттардың 50 пайызы бір мандаттық жүйе арқылы, 50 пайызы партиялық тізім бойынша өтеді. Президент Мәжілістің жетінші шақырылым депутаттарына белсенді әрі жемісті жұмысы үшін алғыс айтты.
«Мәжіліс пен мәслихаттар сайлауы мемлекеттік билік институттарын жаңғырту жұмыстарының қорытынды кезеңі болмақ. Осылайша, «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидаты толық іске асады. Мен баршаңызды азаматтық жауапкершілік танытып, Мәжіліс пен мәслихат сайлауына белсене қатысуға шақырамын, - деді Президент.
Айта кетейік, бүгін Мемлекет басшысы Парламент палаталарының төрағаларымен және Премьер-министрмен Мәжілісті тарату мен мәслихаттардың өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату жөнінде кеңес өткізген болатын.
Дарын Сағитов