Төлеутай Рахымбеков: Ауылдағы халықтың табысын көтеру керек - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Төлеутай Рахымбеков: Ауылдағы халықтың табысын көтеру керек

17.01.2023

«Ауылдағы халықтың табысын көтеру керек. Ауылға қандай инфрақұрылым, ғимарат, жол салсаң да табыс болмаса халық көшіп кетеді». «Ауыл» партиясы төрағасының орынбасары Төлеутай Рахымбеков осылай деп мәлімдеді. Бұл мәселелер «Ауыл» партиясы саяси кеңесінің Президиумы мен «Қазақстан фермерлер қауымдастығының» бірлескен отырысында талқыланды. Бұдан бөлек, жиында сан түрлі сала бойынша елдімекендерді түлетуге тетік болатын ұсыныстар айтылды. Олардың барлығы алдағы уақытта тұжырымдама ретінде үкіметке ұсынылады. 

Төлеутай Рахымбеков, «Ауыл» ХДПП төрағасының орынбасары:
Екі аптадай уақыт өзімізге аламыз деп отырмыз. 30-шы қаңтарға дейін ұсыныстардың бәрін әзірлеп береміз. Өкінішке орай, біз Үкімет бекіткен осындай құжаттарды талдағанбыз. Соның ішінде бізге ауылдық елдімекендерде ең бірінші халықтың табысы, проблемасын шешу керек.

Ауыл партиясының өкілдері Қарағанды облысында да өзекті мәселені қозғады. Олардың айтуынша Қарағайлы кенті маңына бірнеше жыл бойы барит қалдықтары төгіліп келген. Зиянды заттар 380 гектар аумаққа шашылып, қоршаған ортаға кері әсерін тигізіп жатыр. Бүгін олар кенді шаһарда бас қосып, өңірдің экологиялық ахуалын талқылады. Табиғат жанашырлары қоршаған ортаны ластап отырған бірнеше факторды атап көрсетті. Ол Теміртаудағы металлургиялық комбинат, тау-кен кәсіпорындары мен шахталар және күл-қоқыс полигондары. Партия белсенділері бұл жағдайды назарға алып, өзекті мәселені тиісті мекемелерге жеткізетіндерін айтты.

Серғазы Әдекенов, «Ауыл» ХДПП Қарағанды облыстық филиалының төрағасы:
Осы барит қалдықтары 10 мыңнан астам жерді ластап отыр. Ол дегеніміз шабындық, ол дегеніміз егістік. Өзекті мәселелер әрине тек қана облыс деңгейінде шешілмейді, біз Парламентке жолдаймыз бірқатар мәселелерді. Экология министрлігіне айту керек бірқатар мәселелерді. Соны бірлесіп шешетін боламыз.


Хабарламаларға жазылу