Алматы облысында саяси науқан заң талаптарына сай өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматы облысында саяси науқан заң талаптарына сай өтті

14.01.2023

Алматы облысында Сенат депутаттығына сайлау заң талаптарына сай өткізілді. Бүгінгі саяси шара аясында алдымен мәслихат депутаттарының бірлескен отырысы өткізіліп, онда дауыс беру тәртібі түсіндірілді. Кейін сайлаушылар өз таңдауын жасады. Жалпы, өңірден депутаттыққа екі кандидат тіркелген еді. Толығырақ Қонаевтан әріптесім Фариза Мұсақызы тарқатады.

Фариза Мұсақызы, тілші:

Дауыс беру пункті Қонаев қаласының Мәдениет үйінде орналасқан. Сайлау үрдісін бақылауға кандидаттардың сенімді өкілдері, саяси партиялар мен қоғамдық ұйымдардан азаматтар қатысты. Сондай-ақ, облыстық сайлау комиссиясының 5 мүшесі бюллетендерді таратты. Осы өңірден бастапқыда 5 азаматтың кандидатурасы ұсынылған еді. Талаптарға сай келгені - 2 адам. Яғни, екі үміткердің біреуі Жымбыл және Кеген аудандық мәслихаттарымен ұсынылса, екіншісі өзін-өзі ұсынған. Жалпы Алматы облысы бойынша қалалық, аудандық және облыстық мәслихат депутаттарынан 204 таңдаушы тіркелген еді. Олар Сенатқа сайланған депутат өңірдің өзекті мәселелерін қашан да қапыда ұстайтынына сенім білдіріп отыр.

Дәулет Жарасбаев, Алматы облыстық мәслихатының хатшысы:

Алматы облысында, өздеріңіз білесіздер, өте өзекті мәселелер көп. Жер мәселесі, жұмыс орны, ауылшаруашылықты көтеру деген. Осы орайда, ойлаймын, біздің депутаттарымыз біздің көпіріміз болады деп. Алматы облысы мен Астанадағы алтын көпір сияқты болады деп ойлаймыз. Екеуі де лайықты.

Нұрсұлтан Нұрдәулет, Алматы облыстық мәслихатының депутаты:

Біздің мәслихат депутаттары сайлауға түсіп жатқан депутаттарды жақсы біледі. Кім қандай жұмыс істеп жатқанын біледі. Мен өзім білемін, кімнің қалай жұмыс істеп жатқанын, елдің өркендеуіне қандай көмек көрсетіп жатқанын. Сондықтан, мен өз таңдауымды бердім.

Фариза Мұсақызы, тілші:

Бүгінгі сайлауға тіркелген дауыс берушілердің 91%-ы қатысты. Аймақтағы қауіпті метеорологиялық жағдайға қарамастан, дауыс берушілердің дені, яғни, 184-і өз таңдауын жасады. Айта кетейік, бүгіннің өзінде Праламент Сенаты депуттары қатарында Алматы облысынан екі депутат бар.

Фариза Мұсақызы


Хабарламаларға жазылу