Қазақстандықтарға несие мен қарыз беруге шектеу енгізіледі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстандықтарға несие мен қарыз беруге шектеу енгізіледі

11.01.2023

Қазақстандықтарға несие мен қарыз беруге шектеу енгізіледі. Осы мақсатта микроқаржы ұйымдардың қызметін реттеу одан әрі күшейе түспек. Бұл туралы Үкімет отырысында Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрайымы Мәдина Әбілқасымова айтты. Өйткені, шағын несие алу арқылы қарызға батқандар көбейген. Сондай-ақ, жиында өткен жылдың әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары мен республикалық бюджеттің атқарылу есебі тыңдалды.

Жиын Үкімет мүшелерінің қатарына қосылған 6 министрдің ант қабылдауымен басталды.

Биыл ел экономикасы бойынша барлық салада өсім едәуір артқан. Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров тек көмір және металл, газ, мұнай өндірісі төмендеген жеткізді. Тұрғын үйлерді пайдалануға беру жұмысы былтырмен салыстырғанда 8,8 пайызға кем. Ал Премьер-министрдің орынбасары, қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев мемлекеттік бюджетке 15 триллион 668 миллиард теңге кіріс түскен деді. Ал, шығыстар түрлі себептермен белгіленген мөлшерде орындалмаған. Бұдан бөлек, ведомство басшысы жекешелендірудің алдағы бес жылдық жоспары төңірегінде 2022 жылы 367 нысанның сатылғанын айтты.

Ерұлан Жамаубаев, ҚР Премьер-министрінің орынбасары, Қаржы министрі:
41 объект сатуға қосылды. 62 объект қайта ұйымдастыруға және таратуға жіберілді. 205 объект сатып алу алдындағы тұр.

Енді мемлекеттік қаржының атқарылуы бойынша үкімет есебі парламенттің қарауына енгізіледі. Тиісті міндеттерді орындау үшін министрлер мен әкімдерге тапсырма берілді. Оның ішінде эконмикалық өсімді кемі 4 пайызға жеткізу. Ол үшін бірінші кезекте ішкі нарықты отандық тауарлармен қамтамасыз ету керек, деді. Жоспарға сай инвестиция тарту қарқынын одан әрі арттыру керек. Сонымен бірге, бағаны ұстап тұру басты назарда қала бермек.

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-министрі:
Кәсіпкерліктің дамуы тұрақты ұлттық экономиканың маңызды факторы болып табылады. Бизнеске қатысты жаңа реттеушілік саясат түсінікті әрі адал болуға тиіс. Осы жылы шағын және орта бизнесте жұмыспен қамтылғандар саны 3,8 миллион адамға дейін арттыру қажет. Бұл міндетті әкімдер бақылауында ұстауы керек.

3 наурыздан бастап банкроттық туралы өтініштерді қабылдау басталады. Ерұлан Жамаубаевтың айтуынша, түсіндіру ақпараттары ведомства сайттарында жарияланып, азаматтарға SMS таратылып жатыр. Сондай-ақ, халықтың шектен тыс кредит алуын азайту жөнінде шаралар қаралды.

Инфляцияның жылдық мәні 20,3 пайызға жетті. Ұлттық банк мәліметінше, өсім әсіресе, азық-түлік инфляциясында байқалады. Осыған байланысты биыл инфляцияны 2 есе төмендету керек. Үкімет отырсы аяқтала сала Премьер-министр БАҚ өкілдерінің сұқбат беріп, үкіметтің алдағы жоспарларын бөлісті.

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-министрі:
Халықаралық сарапшылардың болжамы бойынша дүниежүзінде биыл инфляция қарқыны баяулайды деп күтілуде. Ол енді әрине, бізге де әсерін тигізеді. Жылдың қорытындысы бойынша біз инфляцияны 9,5 пайыз шеңберінде сақтаймыз деген мақсат қойып отырмыз.

Әлихан Смайылов Қазақстан, Өзбекстан және Ресей арасында «газ одағын» құру мүмкіндігіне қатысты пікір білдірді.

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-министрі:
Қазіргі уақытта үшжақты газ одағын құру бойынша ресми ұсыныс алған жоқпыз. Алған кезде оны қарастыра жатармыз. Таяу уақытта «Газпроммен» келіссөздің келесі кезеңін күтіп отырмыз. Бүкіл қарым-қатынас коммерциялық және өзара тиімді шарттармен жасалады. Біз екіжақты форматтағы жұмысты жалғастырамыз.
Асылбек Данияр, тілші:
Үкімет басшысы басқаратын экономикалық демонополизация комиссиясы 2022 жылы өнеркәсіп, телекоммуникация, энергетика және теміржол саласында 11 ірі компания мемлекет меншігіне қайтарылған. Ал биыл 28 компания бойынша мемлекет меншігін беру жұмыстары жүргізілуде деді. Тағы 20 компанияда тексеру шаралары басталған.

Асылбек Данияр


Хабарламаларға жазылу