Сарышұнақ аяз басталғалы Астана көшелері тұтастай мұз айдынына айналғандай. Салдары айтпаса да түсінікті. Соңғы күндері елорданың травмотологиялық орталығына түсетін науқастар саны күрт өсті. Көбіне егде жастағы адамдар ауыр жарақат алып жатыр. Қаладағы көктайғақтың кесірінен қанша адам ауруханаға түсті?
Серік Селеубайұлы, тілші:
Астанада жыл басынан бері 700-ден астам адам түрлі жарақат алып, ауруханаға түскен. Дәрігерлер олардың алпыс пайызға жуығы көшеде тайып жығылғанын айтады. Бұған соңғы күндері күннің күрт суытуы себеп. Сонымен қатар жаяу жүргіншілер жолының дұрыс тазаланбауы да оқыс жағдайлардың көбеюіне түрткі болған.
Дәрігерлердің айтуынша соңғы күндері көктайғақтың кесірінен келіп түскен науқастардың саны артқан. Мәселен жұма күні ауруханаға келген 67 адамның 47-сі мұзға тайып жығылған. Ал сенбі күні түскен 73 науқастың 46-сының жарақатына да тазаланбаған тратуар себеп. Ал кеше көмек көрсетілген 100 адамның алпысының аяғы тайып құлаған.
Александр Гришуков, қала тұрғыны:
Кеше қатты көктайғақ болды. Үйге келе жатып тайып құладым. Қолымда заттарым болатын. Сондықтан қатты жығылсам керек. Аяғым бірнеше жерінен сынып кетті.
Балтыры бірнеше жерден сынып, тобығы шыққан Александрдың аяғына операция жасалады. Ал, емделуге келе жатқан тағы бір қала тұрғыны Рүстемғали Есниязов ауруханаға жете бергенде тайып жығылған. Абырой болғанда медициналық көмек жылдам жетті.
Рүстемғали Есниязов, қала тұрғыны:
Ауруханаға жақындағанда құлап қалдым. Мына тіземмен құлап, аяғымды баса алмай қалдым. Кісілер көмектесті. Ауруханаға апарды. Енді қазір осы травпунктке қаралып, не айтатынын білмеймін. Тіземді баса алмай жатырмын.
Дәрігерлер көктайғақ кезінде ауыр жарақат алған адамдардың жедел жәрдем шақыруға мұршасы болмайтынын айтады. Сондықтан көмек кешігіп жетіп, ауруды асқындырып алуы мүмкін. Осындай кезде азаматтардың белсенділігі маңызды.
Досбол Ғалым, №5 Травмотология бөлімшесінің травмотолог-ортопед дәрігері:
Көбінесе үлкен кісілер тайып құлап жатыр. Олардың сүйектері жас балаларға қарағанда әлсіздеу болады. Сондықтан олар сынықпен, отамен, операциямен аяқталып жатады. Қол-аяқтың, яғни шынтақтың, иық сүйегінің, тобығының сынуы көп кездеседі.
Бұндай жағдай адам құлаған кезде қолымен жер тірегенінен болады дейді мамандар. Сондықтан жығылғанда бойды барынша жинап үлгеруге тырысу керек. Сонымен қатар, ыңғайлы аяқ киім киіп, мүмкіндігінше тазаланбаған жерлермен жүрмеуге шақырады.
Серік Селеубайұлы