Жоғары білім әр балаға қолжетімді болуы тиіс. Қазір бұл бағытта қолға алынып жатқан бастамалар баршылық. Оның бірі сараланған гранттар. Жаңа жоба ең алдымен, әлеуметтік осал санаттағы отбасы балаларының келешегіне жол ашады.
Бүгін министрлік жарты жылдық жұмысына есеп беріп, отандық ғылымға бөлінген қаражаттың 70 пайызға ұлғайғанын хабарлады. Қолданбалы ғылымның дамуына ерекше ден қойылып, отандық зерттеулер ел экономикасының мүддесі үшін жұмыс істеп тұруына мән берілетінін жеткізді. Ендігі мақсат - цифрлық институтты құру.
Сәуле Рахметуллина, Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінің ректоры:
Мектептен бастап балалар осы жүйені, осы модельге қосылып, ақпараттық жүйеге қосылып, әрі қарай университетті таңдағанда да, және университетке дайындалғанда да, осы кәсіп бағдарламаны алғанда да, осы жүйені қолданып, жалғастырады деп ойлаймын. Цифрлық университеттің 70 пайызы жасалған деп айтуға болады.
Сондай-ақ талапкерлер үш түрлі сараланған грант бойынша оқуға мүмкіндік алады. Балалардың шығармашылық қабілеттері мен ғылыми жетістіктеріне қарай «Дарын», «Базалық», және «Қамқор» гранттары үлестіріледі. Жоба келесі жылы жоғары білім беру жүйесіне енгізілмек.
Қуаныш Ерғалиев, ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі:
Жоба бойынша «Базалық» гранттың бағасы миллионның шамасы болса, «Дарын» грантының бағасы 2-2,5 млн болуы мүмкін деп есептеп жатырмыз. Ал «Қамқор» гранты бұл миллионның 50% немесе 30%-ы. Қалған ақшасын балалар өздері төлейтін болады.
Жоғары білім беру саласында қордаланып қалған мәселелер де аз емес. Бұдан былай, жоғары оқу орындарының инфрақұрылымына инвестициялар көптеп құйылатын болады.
Саясат Нұрбек, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі:
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ 74-75-ші жыл, ҚарМУ біздің 64-65-ші жылдары, кез-келген университетті қарасаңыздар, 60-шы жылдары, 70-ші жылдары негізгі инфрақұрылым сол кездерде құрылған.
Сондай-ақ жиында студенттік жатақханалар мәселесі де көтерілді. Қазіргі таңда мемлекет қаржысынан бөлек жекеменшік инвесторлармен бірігіп жасалған келісімдер толық аяқталды. Мәселені толығымен шешу енді ректорлардың қолында.
Ламбриан Топузидис