Бүгін Сенат депутаттарының дауыс беруі нәтижесінде Ерлан Сәрсембаев, Асан Ескендіров және Айгүл Қыдырбаева Конституциялық Соттың судьялары болып тағайындалды. Палата отырысында бірқатар заң қабылданып, төраға жылды қорытындылады. Биыл Парламент 86 заң қабылдаса, сенаторлар 149 депутаттық сауал жолдаған.
1 млн 170 мың адам банкрот деп жариялануы мүмкін
Қазақстанда 1 млн 170 мың адам банкрот деп жариялануы мүмкін. Бұл туралы Қаржы министрлігінің өкілдері айтты. Банкрот болуы мүмкін дегендердің көпшілігінің қарызы 5 млн теңгеге жетпейді. Көбі кепілсіз тұтынушылық несие алған. Банкрот борышкердің қатарына кіретіндердің арасында атаулы әлеуметтік көмек алып отырғандар да бар. Олардың саны 37 мыңға жуықтайды.
Ержан Біржанов, ҚР Қаржы министрінің орынбасары:
Бірақ бұл процедура азаматтың өз еркі. Біз қарызы бар адамдарды бізге келіңіз, немесе сотқа барыңыз деп үгіттей алмаймыз. Бұл өзінің салмақты ойланып, істеген ісі болып саналады. Себебі, үлкен салдар бар.
Құжатқа сәйкес, борышкерді банкрот деп жариялаудың 3 тәсілі енгізіледі. Біріншісі – соттан тыс жүзеге асады. Екіншісі – сот арқылы шешіледі. Үшінші рәсім – азаматтың төлем қабілетін қалпына келтіру. Тұрақты табыс болса, қарызды өтеу үшін сот тәртібімен бөліп төлеу жоспарын алу мүмкіндігі болады.
Ержан Біржанов, ҚР Қаржы министрінің орынбасары:
Соттан тыс және сот арқылы өтетін процедурадан кейін банкрот деп танылса, ол 5 жыл ішінде кредит ала алмайды. Осыны нақ түсінуіміз керек. Содан кейін 7 жыл бойы қайта бонкротық рәсімге келе алмайды. Және 3 жыл бойы қаржылық мониторинг жүргізіледі.
Ағашты заңсыз кескендерге жауапкершілік күшейтілді
Сенатта қабылданған тағы бір заң экологиялық құқық бұзушылықтар және вандализмге қатысты. Құжат ұлттық парктер мен басқа да табиғи байлықтарды қорғауды көздейді. Соның аясында ағаштар мен бұталарды заңсыз кескендер енді қатаң жазаланады.
Сұлтан Дүйсембинов, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
Заңнама талаптарын бұзған үшін лауазымды тұлғалардың, жеке және заңды тұлғалардың жауапкершілігін қатаңдатып, жаңа құқықбұзушылықтар үшін жауапкершілік қарастырылып отыр. Келтірілген залал үшін тиісті төлемнің әділ бөлінуі мен заң талаптарының одан әрі сақталмауының алдын алуға бағытталып отыр.
Жыл қорытындысы: Парламент биыл 86 заң қабылдады
Жиында Сенат төрағасы жылды қорытындылады. Биыл Парламент 86 заң қабылдады. Олардың 13-не депутаттар бастамашы болды. Заң шығару кезінде әрбір құжат Сенаттың тұрақты комитеттерінде жан-жақты талқыланды. Халық пікірі ескерілді. Ата заңға, соның негізінде бірқатар конституциялық заңдар мен заңнамалық актілерге өзгерістер енгізілді.
Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:
Биыл 4 үкімет сағаты ұйымдастырылды. Онда бюджетаралық қатынастарды жетілдіру, өңірлерді газдандыру, тұрғын үй құрылысын дамыту, денсаулық сақтау жүйесінің қолжетімділігі мен тиімділігін арттыру мәселелері қаралды.
Өңірлерде, оның ішінде шалғай ауылдарда тұрғындармен 650-ге жуық кездесу ұйымдастырылған. Сенаторлар 149 депутаттық сауал жолдады. Мәулен Әшімбаев палата жұмысындағы негізгі басымдықтардың бірі Мемлекет басшысының бастамаларын заңнамалық тұрғыдан қолдау екенін баса айтты.
Дарын Сағитов