Қаржылық мониторинг агенттігі Михаил Козачковты ұстады. Ол «ұйымдасқан қылмыстық топтың рейдерлік әрекетіне көмектесті» деген күдікке ілініп отыр. Агенттіктің дерегінше, Қоспаев пен оның сыбайластары қылмысын жүзеге асыру барысында журналистің көмегіне жүгінген. «Бұл қызметі үшін Козачков 52 млн теңге сыйақы алды», - дейді Қаржылық мониторинг өкілдері.
Осыған байланысты Президенттің баспасөз хатшысы Руслан Желдібай пікір білдірді. Ол өз сөзінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына журналист Михаил Козачковқа қатысты жүргізіліп жатқан тергеу жұмыстарына орай бірқатар медиа қоғамдастық өкілі үндеу жолдады деді. Осыған байланысты бұл іс Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тек құқық шеңберінде қаралуға тиіс екенін атап өту қажет. «Бас прокуратура тергеудің заңдылығын қадағалауды қамтамасыз етуге және заңнамада белгіленген тәртіппен қажетті түсініктемелер беруге міндетті. Қазақстан азаматы ретінде журналистің барлық заңды құқығы толық сақталуға тиіс», - деп жазған.
Шерхан Жамбылұлы