Енді заңдарды Мәжіліс қабылдайды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Енді заңдарды Мәжіліс қабылдайды

19.12.2022

Енді заңдарды Мәжіліс қабылдайды. Сенат мақұлдайды. Бүгін елордада қос палатаның бірлескен отырысы өтті. Жиында Сенат пен Мәжіліс арасындағы қарым-қатынасты реттейтін ішкі құжат қабылданды. Парламенттің регламентіндегі өзгерістер жаңа жылдан бастап қолданысқа енгізіледі.

Биыл өткен референдум аясында Конституцияға Сенат пен Мәжіліс арасындағы қатынастарды реттейтін нормалар енгізілген болатын. Бұл Парламентте заңдарды қарау үдерісін жылдамдатады. Құжатта Мәжіліс заң жобаларын қалай қарайды, құжаттарды қарау мерзімі, сондай-ақ оларды бекіту немесе қайтару талаптары ескерілген. Осы тұрғыда қос палатаның өзара іс-қимылына қатысты өзекті мәселелер қаралып, регламент қабылданды.

Айдос Сарым, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Мәжілістің регламентіне 100-ге жық ұсыныс пен нақты ойлар келіп түсті. Оның барлығы Мәжілістің ашықтығын қамтамасыз ету, ішіндегі бәсекелестікті арттыру, алдағы уақытта жеке мандаттық округтардан келіп түсетін депутаттар мен партиялар арасындғы қарым-қатынастар, әрбір талқы аяқталғаннан кейін оппозияция өкілдеріне дауыс беру алдында сөз сөйлеу уақыты бар, осындай көптеген ұсыныс енгізіліп жатыр.

Конституциялық заңдар мен Үкімет әзірлеген жедел құжаттар Парламент палаталарының бірлескен отырысында қаралады. Заң жобасын екінші оқылымға дайындау үшін Сенат пен Мәжілістің ортақ комиссиясы құрылуы мүмкін. Тағы бір жаңашылдық – Президент заңға қарсы болса да, құжатты қабылдау мүмкіндігі қарастырылған.

Сауытбек Абдрахманов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Парламент депутаттарының төрттен үш бөлігі қарсылық білдірсе, Президент қарсылығы еңсерілген болады да, Парламент қабылдаған нұсқада заң қабылданады, Президенттің қарсылығына қарамастан. Тағы да ескеретін жағдай, демократиялық тұрғыда саяси партиялардың жетекшілеріне міндетті түрде сөз беріледі.

Сонымен, заңды әуелі Мәжіліс қабылдайды. Сенатқа мақұлдауға жібереді. Алайда Жоғарғы палата заң нормаларымен келіспесе де, Мәжіліс құжатты қабылдай беруге құқылы. Сөйтіп төменгі палата заңды қол қою үшін Президентке жібереді.

Дарын Сағитов


Хабарламаларға жазылу