Онкологиядан жылына 14 мыңдай адам қайтыс болады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Онкологиядан жылына 14 мыңдай адам қайтыс болады

08.12.2022

Онкологиялық ауруға шалдығу дерегі жыл сайын 9 пайызға көбейіп жатыр. Жылына 35 мың адамнан қатерлі ісік анықталады. Ең өкініштісі, оның 14 мыңдайы көз жұмады. Қазір дерт жас талғамайды. Еңбектеген баладан, еңкейген қартқа дейін ауырады. Әлем күресіп жатқан қатерлі ісіктің емі әлі де табылған жоқ. Бірақ, уақыт өткен сайын емдеу технологиясы дамып келеді. Тәжірибені шыңдау мақсатында бүгін Астанада бірқатар елдің онколог дәрігері бас қосты. Олар ауруды клиникалық анықтау, емдеудің жаңа аспектілерін талқылайды.

61 жастағы Атбасар тұрғыны Майра Омарова қатерлі ісікке шалыққанын 5 ай бұрын білген. Оған дейін пандемияға байланысты дәрігерге тексеріле алмағанын айтады. Скрингтен өткен кезде ағзасының 2 жерінде ісіктің бары анықталған. Абырой болғанда ісік - қатерсіз. Дәрігерлер 1 апта бұрын ота жасады. Қазір денсаулығы жақсы. Науқаста бұдан бөлек, тыныс жолдарының ауруы да бар екен.

Майра Омарова, науқас:

Екі жарым тәулік реанимацияда жаттым. Ондағы дәрігерлерге, медбикелерге бәріне рақмет! Олар маған тағы бір өмір сыйлады. Мен мүлдем ауырған жоқпын. Жай бардым скринингке, міне жағдай. Ал, бармасам не болады? 22 қарашада Әдия деген немерем дүниеге келді. Қазір сол маған күш беріп жатыр.

Қазір дүниежүзінде қатерлі ісікке шалдығу тенденциясы өсіп келеді. Қазақстанда да бұл дертпен ауыратын адамдар жыл сайын артып жатыр. Басым бөлігі - әйелдер. Ұлттық онкология орталығы басқарма төрағасының айтуынша, науқастардың көбісі егде жастағылар. Жастардың үлесі 15 пайызға жеткен. Қатерлі ісікпен ауыл тұрғындарына қарағанда қала халық жиі ауырады. Сонымен бірге, науқастар емделуге кеш келіп жатады, халықтық емге жүгініп ауруды асқындырып алады, дейді дәрігер.

Әділбек Мұқажанов, Ұлттық онкология орталығы басқарма төрағасының орынбасары:

Бірінші бестікте дейміз ғой онда тұрған өкпе қатерлі ісігі, сүт безінің қатерлі ісігі, асқазанның қатерлі ісігі және тоқ ішіктің қатерлі ісігі. Сондай-ақ, әйел адамдарда жыныстық қатерлі ісігі бірінші орында. Бізде Қазақстанда онкологиялық науқастарды емдеу заманауи жағдайға сәйкес келеді. Бізде хирургиялық емді, сәулелік емді, дәрілік емді, химия-терапия барлығы қолданылады.

Қатерлі ісікпен күрес - бүкіл әлемнің басты міндеті. Денсаулық сақтау министрлігінің қолдауымен бірінші рет Астанада «Онкологиялық ауруларды диагностикалаудың және емдеудің ғылыми-практикалық аспектілері» халықаралық конференциясы өтіп жатыр. Онда дәрілік терапияға және онкологиялық патологияларды диагностикалаудың жаңа тәсілдерді ұсынылады. Ресей, Жапония, Корея, Түркия, Франция, Армения және Грузиядан келген онкологтар саладығ соңғы тиімді технологиялармен бөліседі. Түркиядан келген профессор Мутли Демрай бүгінгі шара арқылы қазақстандық дәрігелермен тәжірибе алмасатын ынтымақтастық құруды көздеп отыр.

Мутлу Демирай, Түркиядағы халықаралық онкология емханасының директоры:

Түркияда жыл сайын 200 мыңнан аса адамнан қатерлі ісік анықталады. Біз әр науқасты әртүрлі тәсілмен емдейміз. Тек аурудың бірінші және екінші сатысындағы азаматтарды арнайы таблеткемен, қалған ауыр дәрежеде ауыратын науқастарды бөлек диагностикалаймыз. Өйткені, қазір тек бір тәсілмен шектеле алмаймыз. Осы жиын кезінде емдеудің жаңа платформасы пайда болады деген ойдамын.

Жиынға мыңнан астам адам қатысып жатыр. Барлығында бір мүдде - онкологияның емін табу, адамдардың өмірін сақтау қалу. Дәрігерлер тұрғындарға уақытылы міндетті медициналық тексеруден өту керекгін айтады. Қатерлі ісікте неғұрлы ерте анықтаса, емдеу де соғұрлым оңай болады. Тіпті, құлан таза айығуға да мүмкіндік бар. Айта кетейік, Денсаулық сақтау министрлігі скринингтен өту жасын төмендетуге арналған заң жобасын әзірледі.

Асылбек Данияр


Хабарламаларға жазылу