Бүгін Астана қаласы мен Қарағанды облысына жаңа әкім тағайындалды. Енді Елордаға - Жеңіс Қасымбек, ал кеншілер өңіріне - Ермағанбет Бөлекбаев басшылық етеді. Жаңа қызметке келген әкімдерге сенім мен жүктелген жауапкершілік зор.
Астанада өткен депутаттардың жиналысына Премьер-министр Әлихан Смайылов пен ҚР Президенті әкімшілігінің басшысы Мұрат Нұртілеу қатысты. Депутаттар қарауына қала әкімі лауазымына Берік Жәкенов пен Жеңіс Қасымбектің кандидатуралары ұсынылған. Басым бөлігі Жеңіс Қасымбекке дауыс берді. Соңғы жылдары қала тұрғындары 4,5 есе өскен. Осыған байланысты 3-і жылу энергия орталығын, газбен жұмыс істейтін бірнеше ЖЭС іске қосу, аулаларды абаттандыру, кешіккен үй құрылыстарын аяқтау, инфрақұрылым мен әлеуметтік саланы жетілдіру сияқты ауқымды жұмыстар атқарылуы тиіс.
Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-министрі:
Елорданың одан әрі дамуы, халық санының артуы ауыз судың жаңа көзін табуды талап етеді. Астана су қоймасында суды пайдалану мен сапасына қатысты мәселелер бар. Шағын және орта бизнес экономикалық өсудің берік драйвері болу керек. Егер бұрын Астана мемлекеттік қызметшілердің қаласы босла, қазір ол кәсіпкерлердің қаласы. Елорданың әрбір үшінші тұрғыны шағын және орта бизнес саласында жұмыс істейді. Осыған орай бизнеске кедергі келтіретін барлық қиындықтарды жою керек.
Кеншілер өңіріне Ермағанбет Бөлекбаев әкім болды
Қарағанды облысының әкімі лауазымына Ермағанбет Бөлекбаев келді. Бұған дейін ол кеншілер қаласын басқарды. Өңірдің барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының жиналысында Ермағанбет Бөлекбаев пен Сержан Аймақовтың кандидатуралары қаралды. Ашық дауыс беру қорытындысы бойынша 178 депутаттың 138-і Ермағанбет Бөлекпаевты қолдаған.
Ермағанбет Бөлекбаев, Қарағанды облысының әкімі:
Осы қызметте өзімнің барлық білімім мен тәжірибемді Мемлекет басшысы белгілеген негізгі басымдылықты жүзеге асыруға қолданамын және ел үмітін ақтау менің ең басты жауапкершілігім деп білемін. Облысымыз республикадағы алдыңғы қатарлы өндірістік өлкесі болғандықтан өнеркәсіп саласын, оның ішінде өңдеу саласын дамыту бүгінгі күннің айқын мәселесі.
Жиын барысында Үкімет басшысы өңірде экологияға, өндірістегі қауіпсіздікке, ондағы құрал-жабдық пен техникаларды жаңғыртуға, жалақыны уақытылы төлеуге қатысты қордаланған мәселелер бар екенін атап өтті. Бұған қоса облыс экономикасын, инфрақұрылымды, кәсіпкерлікті және әлеуметтік саланы дамытуға күш салынуы тиіс,- деп тапсырма берді.
Дарын Сағитов, Руслан Нұрланұлы