Президент тапсырмасына сәйкес келер жылы Шымкентте үш ауысымды мектеп проблемасы түбегейлі шешіледі. Ол үшін үш жылдың ішінде 101 мектеп салу жоспарланып отыр. Білім саласының дамуына бизнес өкілдері де белсенді көмектесуде. Олардың қолдауымен соңғы екі жылда 58 жекеменшік мектеп ашылған.
Жаңа мектепте Шадиананың оқу үлгерімі бұрынғыдан да жақсара түсті. Сыныпта оқушы саны аз болғандықтан ұстаздары жаңа тақырыпты өткенде әрбіріне жеткілікті көңіл бөледі. Сабақтан кейін сөз өнері үйірмесіне қатысатын ол жуырда шығармашылық өнер бойынша республикалық байқауда І орын алды.
Шадиана Рустамова, оқушы:
Сабақты өте жақсы оқимын. Мектепке баруға асығамын. Сабақтар қызықты өтеді.
Жас көшбасшылар мектебінде Шадина секілді 100-ге тарта бала оқиды. Мұнда білім беру мен тәрбие ісі ұлттық педагогикаға негізделген. Ұстаздар балаларды шешендік өнер мен кәсіптік ойлауға баулиды. Әр сыныпта 12-13 бала білім алады. Мұндай жағдайда мұғалімнің баламен жұмыс жүргізуіне, сапалы білім беруіне мүмкіндігі көп болады.
Мәлика Абдалиева, мектептің құрылтайшысы:
Мектептің ерекшелігі мемлекеттік стандартқа сай. Білімнен басқа түстен кейін 4 үйірмесі бар. Сөз өнері тәрбие жұмысы ретінде тәрбие сағаты болып енгізілген.
Демографиялық өсімге байланысты Шымкентте оқушы саны жыл сайын 7-8 мыңға көбейеді. Қазір мектепте 250 мыңдай бала оқиды. Мектеп тапшылығын болдырмау үшін биыл жаңадан 41 білім ұясы салынды. Оның 37-і кәсіпкерлер қаржысына тұрғызылған.
Жанат Тәжиева, қалалық Білім басқармасының басшысы:
Бүгінгі таңда апатты мектептер мәселесі толығымен шешілді. Үш ауысымды мектептер саны 4. Шымкентте салынып жатқан 101 мектеп, 25 жайлы мектептің арқасында мектептердің 32 пайызы бір ауысымды білім беретін ұйымға айналады.
Келер жылы жекеменшік әріптестік жобасы аясында Шымкентте тағы 50-ден астам мектеп бой түзейді. Сондай-ақ «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы бойынша 2,5 мың орынға лайықталған 25 білім ұясы салынады деп жоспарланған.
Ғани Қалмаханов