Астанада «Еңбек жолы» конкурсының жеңімпаздары анықталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астанада «Еңбек жолы» конкурсының жеңімпаздары анықталды

06.12.2022

Астанада «Еңбек жолы» конкурсының жеңімпаздары анықталды. Еңбек адамдарының жұмысын насихаттауды мақсат еткен байқауға бес жүзден астам еңбеккер қатысты. Олар бірнеше номинация бойынша бақ сынады.

Жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін «Еңбек жолы» конкурсына өтінімдер 1 сәуірден қабылдана бастады. Үш номинация бойынша алты жүзге жуық өтініш түскен. Конкурс лауреаттарын республикалық комиссия анықтады. Марапаттау рәсімі алдында ашық талқылау өтіп, Қазақстанның Еңбек Ерлері әр аймақтан келген жастарға өмірлік тәжірибесімен бөлісті.

Сәкен Ділдахмет, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз хатшысы:

Бұл конкурстың басты мақсаты өндірісте болсын, әрбір саладағы мамандарды қолдау. Олардың еліміздің экономикасын дамытуда, қоғамның дамуында еңбектің маңызды екенін көрсету. Олардың еңбегін ұлықтап, халыққа көрсету.

«Үздік еңбек әулеті» номинациясы бойынша Абай облысынан келген Тұқыбаевтар әулеті жеңімпаз атанды. Жұмыс істейтін жастардың үздік тәлімгері атағын Алматылық Людмила Хвостова иеленсе, өндірістің үздік жас маман атағын Павлодар облысының тұрғыны Наурызбек Дакен жеңіп алды. Конкурс жеңімпаздары ұзақ жылғы еңбектің еленуі жастардың жұмыс істеуге құлшынысын арттырады дейді.

Жұмабай Абдулов, мұнайшы:

Жұмыстың ауыры да жеңілі де болды. Оның бәріне шыдап еңбек етіп келеміз. Жастарды үйретуден жалыққан емеспіз. Жалықпаймыз да. Өзіміз білген тәжірибені үйретуге талпынып жүрміз.

Конкурс жеңімпаздарына ақшалай сертификаттар табысталды. Байқауды ұйымдастырушылар мұндай шара еңбек адамдарының мәртебесін көтеріп, кәсіпорындар мен мекемелерде жаңа еңбек әулеттерінің қалыптасуына сеп болады дейді.

Сәбит Әлдебай

Хабарламаларға жазылу