Еңбек адамы: Құрметке лайық қарапайым жандар - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Еңбек адамы: Құрметке лайық қарапайым жандар

01.12.2022

Кәсібі қауіпті бірақ жұмысына жауапты қарапайым еңбек адамдары нағыз құрметке лайық. Оралдағы сумен жабдықтау коммуналдық мекемесінің жұмысшылары жылу желілерінде апат болған жағдайда екі ауысымда күндіз-түні жұмыс істейді.

Слесарь құбыры тесілген кәріз құдығына түсіп бара жатыр. Қауіпсіздік үшін, алдымен, ондағы оттегі, улы газ мөлшері өлшенеді. Коммуналдық мекемеде 15 жылдан аса еңбек етіп келе жатқан Сыйлыбай Манкенов апат болған жерді қалпына келтіруге бас-көз болып жүр.

Сыйлыбай Менкенов, бригадир:

Мынау - ағаштың тамыры. Үйдің айналасында ағаш егіледі, сол ағаштың тамыры құдықтың ішіне өседі осылай. Құбырды жауып, бітеп қалып жатыр. Қыс-жаз деген маусым жоқ, күннің салқынына қарамастан, осылай тазартамыз.

Қаланың су-кәріз желісінде апат жиі болады. Құбырлардың 60 пайызы ескірген. Ал Сыйлыбай Менкеновтың бригадасы мезгілдің қай кезеңі болса да, жұмысқа тас түйін дайын. Тәжірибелі маман ортасына да сыйлы.

Аманжол Ахметов, слесарь:

Сыйлыбай ағамен жұмысқа кіргелі бірге істеп жатырмыз, осы бір бригадада бәріміз. Бригадир болып істейді. Жақсы кісі, ақылын айтып, бәрін үйретіп, көмектесіп, түсіндіріп жүреді. Бір-бірімізбен туғандаймыз, ұйымшыл, бір отбасының баласындаймыз, бірге жүріп, тамақ ішеміз осы мәшинаның ішінде.

Сумен жабдықтау коммуналдық мекемесінде 900-ге жуық адам еңбек етеді. Әлде де маман тапшы. Әсіресе, кран, экскаватор секілді арнайы техникалардың жүргізушілері, дәнекерлеуші жетіспейді.

Арман Кенжебаев, коммуналдық мекеменің бас инженері:

Бізде жұмысшылардың орташа жалақысы - 120-150 мың теңге. Айлық аз болғандықтан, жұмысшылар тұрақтамайды. Басқа кәсіпорындарға кетіп қалады. Көбі зейнет алдында, орта жастағылар. Қиындығы мол жұмысқа жастар жағы келе бермейді. Бірен-саран келгендерін оқытып жатырмыз. Жалпы мекемеге қаржылық жағынан қолдау керек.

Кәсіп қауіпсіз емес. Жазда коллектор істен шығып, апатты қалпына келтіру кезінде екі жұмысшы қаза тапты. Жұмысшылардың еңбек қауіпсіздігін сақтау, олардың материалдық жағынан қолдау - бірінші кезектегі мәселе.

Ардақ Мұратқызы

Хабарламаларға жазылу