Басты Жаңалықтар Ақтөбе облысында жұмыссыздық жойылып, ауылдан үдере көшу тоқтады

Ақтөбе облысында жұмыссыздық жойылып, ауылдан үдере көшу тоқтады

Ақтөбе облысындағы Қарабұтақ ауылы соңғы жылдары адам танымастай өзгерді. Ешқашан асфальт көрмеген көшелер жөнделіп, жаңа әлеуметтік нысандар бой көтерді. Елдімекенде кәсіпкерлік саласы жолға қойылған. Нәтижесінде ауылдан үдере көшу тоқтады.

Қарабұтақта оң өзгеріс көп. Соңғы екі жылдың өзінде жалпы ұзындығы 5 шақырымнан асатын жеті көше жөнделді. Тіпті, жаяу жүргіншілер жолақтары мен суағарларға дейін салынды. Тұрғындардың өзі мұндай жаңашылдықты ешқашан көрген емеспіз деп, ағынан жарылды.

Әділхан Анарбайұлы, ауыл ақсақалы:

Ауылдық жерде Кеңес үкіметі кезінде де мұндай оқиға болған жоқ. Ол кезде екі-ақ көше асфальтталды. Одан кейін мұндай оқиға болмаған. Қандай әдемі! Ауылымыз өсіп, көркейіп жатыр. Ауылдағы жұмыс жөніне келетін болсақ, жұмыссыздық жоқ деуге болады.

Ауыл ақсақалының «жұмыссыздық жоқ» дегеніне сендік. Өйткені, елдімекенде бос жүрген адам жоқ. Соңғы жылдары кәсіпкерлік нысандары да көбейген. Одан бөлек, бірнеше әлеуметтік нысан бой көтерді. Қазір ауданы 1 200 шаршы метр болатын спорт кешені салынып жатыр. Құрылыс басында 25 адам еңбек етуде. Жоба құны 287 миллион теңге.

Манас Құлжігітов, учаске басшысы:

Осы жылдың желтоқсанының аяғына дейін бітіреміз деген мақсатпен жұмыс жасап жатырмыз. 75 пайызға бітіп тұр. Негізгі мерзімі – 2023, яғни бірінші айдың он тоғызы.

Ауылда заманауи жаңа стадион бар. Мұнда аудандық, аймақтық спорт бәсекелері өтеді. Сондай-ақ, демеушілердің көмегімен «Әкелер саябағы» салынды. Бұл жерге мыңдаған көшет отырғызылды. Келесі жылы тағы бірнеше көше жөнделуі мүмкін. Сондай-ақ, жарықтандыру мәселесі де шешілді.

Кеңшілік Байдрахманов, Қарабұтақ ауылдық округінің әкімі:

Қазір біз 4 көшенің жобалық-сметалық құжатын дайындап қойдық. Биыл жасатып қойғанмын. Енді облыс, ауданнан қаражат сұралуда. Егер қолдау тапса, келесі жылы ол жолдарға да жөндеу жұмыстары жүргізілетін болады. Округ бойынша 4 елдімекеннің төртеуінде де толық жарықтандырылған.

Жақсыбек Кемал, тілші:

Қарабұтақта екі жарым мың адам тұрады. Мұнда мал ұстаймын,кәсіп бастаймын дегендерге барлық мүмкіндік жасалған. Сондықтан, ауылға көшіп келушілер де аз емес.


Жақсыбек Кемал, Аманжол Айтмағамбетов

Бөлісу