Астанадағы үлескерлер мәселесі келесі жылы толық шешіледі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астанадағы үлескерлер мәселесі келесі жылы толық шешіледі

24.11.2022

Келесі жылы Елордадағы үлескерлер мәселесі толық шешіледі. Бұл туралы құрылысы тоқтап қалған тұрғын үйлерді соңына дейін салып, пәтерді иесіне табыстайтын компания өкілдері айтты. Тек биыл әртүрлі себептерге байланысты құрылысы кідіріп қалған 30 нысан пайдалануға беріліп, мыңдаған адам қоныс тойын тойлайды.
Мадияр Мәмбетов 2014 жылы Шаңырақ кооперативі салып жатқан үйден пәтер алмақ болып, оның ақшасын толық төлейді. Алайда межелі уақытта уәделі баспанасын алмады. Себебі мердігер міндетін дұрыс орындамай, сотты болып, құрылыс жұмысы тоқтап қалады. Ал Мадияр сияқты 60-қа жуық үлескер өзара бірігіп, тығырықтан шығу жолын іздеген.

Мадияр Мәмбетов, қала тұрғыны:

Бармаған жеріміз, баспаған тауымыз болған жоқ. Кейінірек «Елорда құрылыс компаниясы» біздің мұң-мұқтажымызды ескере отырып, бізді осы өзінің қолына алып, өзімізге тиесілі пәтерімізді алдық.
«Елорда құрылыс компаниясы» дәл осындай тұрғын-үйлердің мәселесін шешу мақсатымен 2018 жылы құрылған. Себебі ел бойынша сақалды құрылыстар саны көбейіп кеткен. Мәселен 2019 жылы тек Астанада құрылысы аяқталмаған 150 тұрғын үй болды. Бұл нысандарға 16 мыңнан астам үлескер қаражат құйған. Сол жылы компания 13 үйді қолданысқа беріп, екі жарым мың адамға пәтер кілтін табыстады. Ал 2020 жылы 20 нысанның құрылысын аяқтап, екі мың жеті жүз астаналық қоныс тойын тойлады.

Мақсат Шаяхметов, «Елорда құрылыс компаниясы» ЖШС атқарушы директоры:

21 жылы құрылыс қарқынды жүрді. 57 үйді қолданысқа бердік. Нәтижесінде жеті мыңнан астам тұрғын пәтеріне кірді. Биыл 30 үйдің құрылысын аяқтау жоспарланған. Біразының жұмысы бітіп те қалды. Келесі жылы қалған екі мыңдай үлескердің мәселесін толық шешеміз деп ойлаймын.
Астана қаласы әкімдігі жанында үлескерлік құрылыс мәселелері бойынша ведомствоаралық комиссия бар. Салынбай қалған тұрғын үйлерді анықтап, олардың құрылысын аяқтау үшін қаражат бөлу жөнінде ұсыныс дайындайды. Ақша мәселесі шешілген соң арнайы тендер жарияланып, жаңа мердігер анықталады. Осылайша үлескерлер өзіне тиесілі пәтеріне тезірек қол жеткізеді. 

Серік Селеубайұлы

Хабарламаларға жазылу